Бақыт Қажыбаев Қытайда өткен ШЫҰ кинофестивалінде "Үздік актер" атанды
- авторСадуақас Айсұлу
- 8 шілде, 2025
- 481
Қытайдағы ШЫҰ елдері кинофестивалінде қазақстандық актер "Үздік актер" жүлдесін иеленді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2025 жылғы 6 шілдеде Қытайдың Чунцин қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) елдері халықаралық кинофестивалінің салтанатты жабылу рәсімі болған.
Биылғы фестивальге қатысушы мемлекеттер екі толықметражды фильмнен ұсынып, негізгі "Алтын камелия" байқау бағдарламасына қатысқан.
Оның қорытындысы бойынша "Үздік актер" аталымын қазақстандық актер Бақыт Қажыбаев иеленген. Бұл марапат оған "Набат операциясы" фильміндегі басты рөлі үшін берілген.
Актер Бақыт Қажыбаев. Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі
Актердің айтуынша, бұл – тек өзінің ғана емес, фильмге жан-тәнімен еңбек сіңірген бүкіл шығармашылық топтың жеңісі. Ол шынайы оқиғаға негізделген бұл хикаяны жүзеге асырудың маңызын атап өтіп, барлық көрерменге алғысын айтты.
"Набат операциясы" фильмі 1992 жылы Қазақстанда болған шынайы оқиғаға негізделген. Автобустағы 30 адамды кепілге алған лаңкестерге қарсы құқық қорғау органдарының арнайы операциясы адам шығынынсыз аяқталған.
Фильм Ш. Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясында Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен түсірілген.
Байқауға ұсынылған екінші қазақстандық туынды – режиссер Дархан Төлегеновтің "Ағайындылар" драмасы. Бұл фильм бұған дейін 15-тен астам халықаралық марапатқа ие болған, оның ішінде Oldenburg халықаралық кинофестивалінде Spirit of Cinema Award жүлдесі бар.
Биыл қазақ киносы фестивальдің фокус-секциясына ұсынылып, арнайы бағдарлама аясында көрсетілген





