Белгілі кардиохирург Сейітхан Жошыбаев өз таңдауын жасады
- авторСадуақас Айсұлу
- Бүгін, 16:32
- 81
Солардың қатарында республикаға танымал көрнекті кардиохирург Сейітхан Жошыбаев та бар. Әйгілі профессордың айтуынша, бұл күні медицина саласының мамандары да маңызды саяси науқаннан шет қалмай, өз таңдауларын жасаған.
– Қазіргі таңда халқымыз «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Жаңа Қазақтанды құруға атсалысып жатыр. Бұл – әрбір азаматтың өз туған жеріне деген сүйіншілігінің белгісі. Өкінішке қарай, бүгінгі күні әлемдегі геосаяси жағдай тұрақсыз, дүние жүзінің халқы алаңдаулы. Осы тұста республикалық референдум өткізудің маңызы зор. Жаңа Конституцияда тәуелсіз Қазақтанның болашағы анық айқындалған. Жалпы, өз басым Ата Заңның жаңа жобасымен таныспын. Бұл ретте біздің мекемеде бірнеше рет жиын ұйымдастырылды. Ал енді бүгін референдумға келіп, әрқайсымыз өз пікірімізді білдіріп, өз таңдауымызды жасадық, – дейді облыс орталығындағы ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығының директоры.
Айта кетейік, өңірдегі Т.Рысқұлов ауданында дүниеге келген академик басшылық ететін орталықта бүгінгі таңда 170-тан астам адам қызмет етеді. Оның ішінде 30-ға жуық білікті дәрігерлер бар. Жаңа Конституция жобасында денсаулық сақтау саласына айрықша мән берілгенін атап өткен С.Жошыбаев биылғы жылы Тараз қаласында академия ашуды көздеп отырғанын жеткізді.
– Президентіміз «Қуатты өңірлер – Қуатты ел» қағидатын ұстанатынын әркез айтып келеді. Демек, өңір-өңірлердің әлеуметтік-экономикалық ахуалы арта түссе, орталықта мықты болары сөзсіз. Осы тұста біздің орталық нақты мақсат қойып отыр. Көне Тараздың төрінде Халықаралық Медициналық Академия ашуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда лицензия алу жұмыстары аяқталуға жақын. Сәтін салса, лицензияны алсақ, білікті дәрігерлер студенттерге дәріс бере бастайды әрі теңдессіз тәжірибелерімен бөлісер еді. Бұл – еліміздің денсаулық сақтау саласының қарқынды дамуына өз септігін тигізетіні түсінікті. Біздің орталық өз мамандарымыздың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында тұрақты түрде шетелдерде оқуға жіберіп тұрамыз, – дейді С.Жошыбаев.
Ал №50 учаскелік референдум комиссияның төрағасы Салтанат Төлеудің сөзінше, мұнда референдум барысы қалыпты өтіп жатыр сондай-ақ қазірге дейін заңға қайшы әрекеттер орын алмаған. Оның айтуынша, дәл қазір қоғамның белсенділігі мен азаматтардың жауапкершілігі артқан. Бастысы, референдум барысының ашықтығы барынша сақталып отыр екен.
– №50 референдум учаскесінде дауыс беру құқығына ие 2 624 азамат тіркелген. Ал оның ішінде енді ғана кәмелетке жасына толған 16 қыз-жігіт бар. Қазірге дейін дауыс берушілердің 40 пайызға жуығы өз таңдауын жасап үлгерді. Кешкі сағат 20.00-ге дейін дауыс беру жалғасады. Әдетте, мұндай аса маңызды науқандарға қарт кісілер ерте келеді ғой. Бүгінде сол дәстүр өз жалғасын тапты десек болады. Мәселен, бүгін алғашқылардың бірі болып келген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев та өз таңдауын жасады. Жалпы, дауыс беру барысында ешқандай оқыс оқиға, заң бұзушылық болған жоқ. Бәрі заң аясында әрі белгіленген тәртіп бойынша өтіп жатыр, – дейді Салтанат Ерсағатқызы.





