Дропперлер дегеніміз кім және бұл неліктен қауіпті?
- авторБақытжан Бекболат
- 19 қараша, 2025
- 380
Осы тапсырманы орындау шеңберінде өткен жылдың бірінші қарашасында Ішкі істер министрлігінде Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті құрылды. Ал өткен жылдың желтоқсан айында барлық облыстарда департаменттің тергеу желісі бойынша бөлімдері ашылса, жедел-іздестіру бағыты бойынша биылғы жылдың басында Жамбыл облысында Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы өз жұмысын бастады.
Аталған басқарманың бастығы, полиция полковнигі Валихан Ағыбаевтың айтуынша, өңірде киберқылмыспен күрес бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп, жаңа құрылымдар мен технологиялық мүмкіндіктер енгізілгеніне қарамастан, интернет алаяқтық фактілері үш есеге өскен.
– Осы жылдың 10 айында облысымызда интернет алаяқтық деректерінің тіркелуі өткен жылмен салыстырғанда 202,3%-ға артып отыр. Яғни өткен жылы 213 дерек тіркелген болса, биыл оның саны 644-ке жетіп отыр. Ал ауыр санаттағы интернет алаяқтық деректері 71-ден 279-ға дейін көбейді. Алайда барлық республика аумағында осы тәрізді істердің өсуі байқалуда.
Интернет алаяқтықтың жалпы ашылуы 23,4%-дан 48,1%-ға ал, ауыр санаты бойынша 30,2%-дан 68 %-ға жоғарылады, - деді Валихан Ағыбаев.
Қылмыскерлердің әрекеті барған сайын күрделеніп, жаңа схемалар пайда болған сайын, көпшілік біле бермейтін, бірақ алаяқтықтың кең таралуына айтарлықтай әсер ететін тұлғалардың бірі – дропперлер.
Дропперлер — алаяқтар ұрлаған немесе заңсыз жолмен алған ақшаны өзінің банк картасы арқылы өткізіп беретін адамдар. Көп жағдайда олар өздерінің қылмыстық әрекетке қатысып жатқанын түсінбей қалады. Себебі алаяқтар алдын ала байланысып, сеніміне кіріп, «жұмысты» заңды қызмет ретінде таныстырады. Осылайша дроппер өз картасы мен шотын бөгде адамдарға пайдалануға рұқсат береді. Ал алаяқтар бұл шоттарды түрлі тұлғалардан заңсыз алынған қаражатты жасырып, бірнеше рет аудару үшін қолданады.
Нәтижесінде ақша дроппер арқылы бірнеше шоттан өтіп, қылмыскер өзіне аудартып немесе қолма-қол шештіріп алады, ал өзі тасада қалып, ізін жасырады.
Тергеу барысында бірінші болып дәл осы дропперлердің шоттары анықталатындықтан, олар қылмыскерлердің сыбайластары ретінде қарастырылады. 16 қыркүйектен бастап күшіне енген Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы банктік шотқа немесе төлем құралдарына заңсыз қолжетімділік беру мен заңсыз аударымдарға қатысқаны үшін мүлікті тәркілеумен бірге 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
Демек, дропперлік – жай ғана аңғалдық немесе немқұрайлылық емес, қоғам үшін елеулі қатер төндіретін қылмыстық құбылыс екенін ескерген жөн. Осы ретте әрбір азамат өз банк картасы мен шотын өзге адамға беру — заң бойынша тікелей қылмыс болып саналатындығын анық түсінуі тиіс.





