Ерұлан Мағзымбеков: "Әділет пен заң үстемдігі мықты мемлекеттің негізі"
- авторСадуақас Айсұлу
- 12 қыркүйек, 2025
- 388
Жолдаудың басты өзегі жасанды интеллект пен цифрландыруға арналды, өйткені болашақта ЖИ - экономиканы және мемлекеттік басқаруды жаңғыртудың негізгі қозғаушы күші болмақ. Президент атап өткендей, жаңа технологиялық дәуірге сай болу үшін Қазақстанға басқару тәсілдерін түбегейлі қайта құрып, жүйенің ашықтығын, тиімділігін арттыру қажет.
Ел тарихында тұңғыш рет Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру ұсынылды. Оны вице-премьер деңгейіндегі маман басқаруы тиіс. Министрліктің негізгі міндеті - жасанды интеллектті барлық салаға жаппай енгізу және «Цифрлық кодексті» жедел қабылдау болмақ.
Президент ЖИ саласындағы мамандарды даярлау мектеп қабырғасынан басталуы тиістігін ерекше атап өтті.
Бұл тұрғыда жасанды интеллект негіздері бойынша
оқу бағдарламасы мен оқу құралдарын әзірлеу;
мұғалімдерді жаңа технологияларға үйрету;
ауылдық шағын мектептерге сапалы білім жеткізетін Qazaq Digital Mektebi платформасын іске қосу,
Al-Sana бағдарламасы аясында 100 мыңға жуық студентті ЖИ жобаларына тарту;
«Келешек мектептері» аясындағы жаңа білім нысандарының құрылысын алдағы айларда аяқтауға ерекше назар аударылды.
Президент атап өткендей, ғылым, білім және инновацияны интеграциялау - білім экономикасының негізі. Сондықтан ғылым, білім және инновация саласын басқару тәсілдерін өзара байланыстыру қажеттігі дұрыс бастама.
Президенттің жастарға қатысты айтқан сөздері ерекше әсер қалдырды. Қазіргі ұрпақ патриотизмді басқаша түсінеді. Бұл бұрынғыдай жаттанды ұран емес, қоғамға нақты пайда әкелетін жаңа идеялар, істер мен технологиялар.
ХХІ ғасырдағы патриотизм – бұл болашаққа ұмтылу, жауапкершілік алу, белсенді әрі саналы азамат болу. Осындай көзқарас қана Қазақстанды мықты әрі заманауи мемлекет етеді.
Жолдауда ерекше мән берілген бағыт - «Заң және тәртіп». Президент әділет пен заң үстемдігі мықты мемлекеттің негізі екенін атап өтті.
Биылғы Жолдаудағы маңызды ұсыныстардың бірі - бір палаталы Парламент құру мәселесін талқылау. Бұл жай ғана институционалдық өзгеріс емес, заң шығару билігін ықшам, икемді және нәтижелі етуге бағытталған қадам. Президент ерекше атап өткендей, аталған шешім қоғамда, сарапшылар ортасында және қазіргі Парламентте кеңінен талқылануы тиіс. Бұл ашық саясат пен азаматтарды мемлекеттік реформаларға тарту бағытының көрінісі.
Бұл үдерісте азаматтық қоғамның рөлі ерекше деп санаймыз. Кәсіподақтар азаматтық қоғамның белсенді күші ретінде алдағы реформаларды талқылауға және оларды іс жүзінде жүзеге асыруға үлес қосуға дайын.
Біздің ұстанымымыз айқын, себебі біз еңбеккерлердің мүддесін білдіріп, «халық үнін» билікке жеткіземіз.
Біз Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан құру жолындағы бастамалары табысты жүзеге асатынына сенімдіміз және осы жолда әр бастаманы қолдауға белсенді атсалысуға дайынбыз.
Ерұлан МАҒЗЫМБЕКОВ,
Жамбыл облысы білім және ғылым
қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының
төрағасы, Тараз қаласы





