жұма, 5 желтоқсан, 2025 13:52

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Кибербуллингтен қорғану ережелері қандай

Кибербуллингтен қорғану ережелері қандай
istockphoto.com
Қазіргі таңда интернет адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Әлеуметтік желілер, мессенджерлер, ойын платформалары мен онлайн қауымдастықтар – ақпарат алмасудың ең жылдам құралы.

Алайда цифрлық кеңістіктің дамуымен бірге қоғамда жаңа қауіп – кибербуллинг белең алуда, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Кибербуллинг – біреуді интернет арқылы қорлау, мазалау, беделіне нұқсан келтіру, түрлі жағымсыз пікірлер мен жалған ақпарат таратумен психологиялық қысым көрсету. Әсіресе бұл құбылыс балалар мен жасөспірімдер арасында жиі кездеседі. 

Психолог Әсем Айтбекованың айтуынша, кибербуллингтің ерекше қауіптілігі – оның үздіксіз жүруінде. Дәстүрлі буллингтен айырмашылығы интернеттегі қысым тәулік бойы тоқтамай жалғасуы мүмкін, ал жәбірленуші өзіне қауіпсіз орта таба алмайды. Мұндай жағдай ұзаққа созылса адамның күйзеліске түсуіне, өзін төмен бағалауына, тұйықталуына, тіпті суицидтік ойлардың пайда болуына әкелуі мүмкін. 

Мамандардың айтуынша, кибербуллингтен қорғанудың бірінші ережесі – жеке деректерді қорғаудан басталады. Әлеуметтік желілердегі ашық ақпарат көлемін шектеп, жеке парақшаны құпия режимге орнату, күрделі құпиясөздер қолдану және бейтаныс адамдарға жеке суреттер мен орналасқан жерді жібермеу – қауіпсіздіктің негізгі талаптары. Көп жағдайда кибербуллингтің алғашқы белгілері белгісіз адамдардан келген хабарламалар немесе фейк аккаунттардан жазылған пікірлер арқылы байқалады. Мұндай жағдайда жауап бермей, дереу бұғаттап, шағымдану – ең тиімді қадамдардың бірі.

Психологтар ата-аналардың рөліне ерекше көңіл бөледі. Көп жағдайда балалар кибербуллинг туралы айтуға қорқады, себебі жазғырудан немесе телефоннан айырылып қалудан қауіптенеді. Сондықтан үйде ашық әңгіме жүргізу, баланың психологиялық жағдайын бақылау, оның онлайн ортасы туралы білу, ал мәселе байқалған жағдайда қолдау көрсету – ата-ананың басты міндеті. Мамандардың пірінше, баланың гаджетін тартып алу немесе интернеттен шектеу мәселені шешпейді, керісінше балаға қысым жасап, сенімсіздік тудырады.

Кибербуллингтен зардап шеккендерге психологиялық қолдау көрсету де өте маңызды. Елімізде кибербулингтен зардап шеккен жандарға жастар орталықтары, психологиялық қызметтер, жедел желілер тағдырдың мұндай қиын кезеңінен шығуға көмектесе алады. Мамандардың айтуынша, көмек сұрау – әлсіздік емес, керісінше өз қауіпсіздігі мен психологиялық денсаулығын қорғаудың көрінісі.

Қорытындылай келе, кибербуллинг – қазіргі қоғамның жаңа және күрделі қатері. Одан қорғанудың тиімді жолы – цифрлық сауаттылықты арттыру, жеке шекараны қорғау, ақпараттық мәдениетті дамыту және интернеттегі қауіпсіздік ережелерін түсіну. Әрбір азамат интернетте өз құқығын қорғауға құқылы екенін, жеке деректердің құпия болуы тиіс екенін және кез келген қорлау немесе қысым көрсету әрекеті жазасыз қалмайтынын білуі қажет. Цифрлық қоғамда қауіпсіздік — ең басты құндылықтардың бірі, ал оны сақтау әркімнің жеке жауапкершілігі.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар