бейсенбі, 19 ақпан, 2026 3:49

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ұлттық банк екі жаңа коллекциялық монетаны сатылымға шығарады

Ұлттық банк екі жаңа коллекциялық монетаны сатылымға шығарады
Ұлттық банк
Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалған.

Шорт-трекшілерге арналған күміс монета мен «Байқоңыр – 70 жыл» тантал теңгесі 18 ақпаннан бастап онлайн сатылымға шығады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Қазақстандық спортшылар 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындары барысында ел намысын қорғап жатқан тұста Қазақстан Ұлттық Банкі «OLYMPIC GAMES 2026. SHORT TRACK» атауымен жаңа коллекциялық күміс монетаны айналымға енгізеді. Сонымен бірге «БАЙҚОҢЫР – 70 ЖЫЛ» мерейтойлық монетасы да сатылымға ұсынылады.

«OLYMPIC GAMES 2026. SHORT TRACK» монетасы шорт-трек спортшыларына арналып шығарылған. Ол 925 сынамалы күмістен соғылған. Салмағы – 20 грамм, диаметрі – 37 мм. Дайындалу сапасы – proof, номиналы – 1000 теңге. Жалпы таралымы 2 000 данамен шектелген. Монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалған.

Сатылым 2026 жылғы 18 ақпаннан бастап Ұлттық банктің ресми интернет-дүкені арқылы жүргізіледі. Монетаның аверсінде шорт-трекшілердің бейнесі бейнеленген. Айта кетейік, шорт-трек – конькимен жүгіру спортының олимпиадалық түрі, ол 1992 жылдан бері қысқы Олимпиада бағдарламасына енген.

Ал «БАЙҚОҢЫР – 70 ЖЫЛ» монетасы ғарыш айлағының мерейтойына орай шығарылған. Ол толықтай тантал металынан жасалған. Салмағы – 100 грамм, диаметрі – 50 мм. Дайындалу сапасы – proof, номиналы – 2000 теңге. Таралымы небәрі 500 дана.

Монетаның аверсінде ультракүлгін сәуле арқылы көрінетін жасырын бейнелер қолданылған. Бұл технология оның қорғаныш деңгейін арттырып, коллекциялық құнын күшейтеді.

Ұлттық банк мәліметіне сәйкес, аталған коллекциялық монеталар Қазақстан аумағында белгіленген номиналы бойынша төлемнің барлық түріне қабылданады. Сонымен қатар оларды елдегі банктерде шотқа есепке алу, аудару, ұсақтау және айырбастауға болады.

Осылайша, спорт пен ғарыш тарихындағы айтулы оқиғалар металл бетінде көрініс тауып, нумизматтар мен коллекционерлер назарына ұсынылып отыр.

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар