Көп жағдайда синтетикалық есірткілер, негізінен, ғаламтор арқылы сауданалады. Елімізде кез келген азамат үшін интернет дүкендері қолжетімді екені бесенеден белгілі. Яғни, сатып алушы мен саудагер бір-бірімен бетпе-бет кездеспейді. Тауар онлайн таңдалып, төлем де қашықтықтан жасалады. Кейіннен тұтынушы мен сатушы түрлі мессенджерлер арқылы байланыс орнатып, тауарды қай жерден, қай уақытта алып кете алатындығы жөніндегі нұсқаулықтармен алмасады. Осылайша, барлық іс көзге көрінбейтін іс-әрекеттермен түйінделеді.
Иә, құзырлы органдар тарапынан «жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай» өрісі кеңейе түскен осынау кеселдің көзін жою мақсатында ілкімді істер атқарылып жатыр. Бұл ретте есірткі бизнесімен күрес: алдын алу, ақпараттық кеңістікті мониторингілеу, дилермен байланысу ресурстарын көрсететін қабырғалардағы граффити жазбаларды жою сынды бірнеше бағытта жүргізілуде. Бұған дейін ұйымдастырылған бас-аяғы 848 профилактикалық іс-шараға 24 мыңнан астам мектеп оқушысы қатысыпты. Ал «NarcoShekteu» телеграмм-боты арқылы полиция департаментінің базасында синтетикалық есірткілерді сақтау орындары, граффити жазбалар, облыс тұрғындарының жарнамалық белгілері бар аккаунттар туралы хабарламалар мен сұраныстар жөніндегі мәліметтері жинақталады. Бұдан бөлек «NarcoShekteu» ботына 2047 сұраныс түссе, 289 граффити жарнамасы бойынша барлық жазбалар жойылған екен. Есірткімен күресте алдыңғы шепте жүретін құзырлы орган өкілдері синтетикалық есірткі өндірісінің қарапайымдылығы мен қолжетімділігі оның кең таралуына жол ашып отыр дейді. Мамандардың сөзінше, аталған есірткіні қолдану әдістері ерекше дайындық пен дағдыны талап етпейді. Сондықтан, дәл осы кесапат жастар арасында үлкен сұранысқа ие.
– Синтетиканың барлық компоненті былай қарағанда заңды және қолжетімді. Мәселен, жеке органикалық қосылыстар, ацетон, этил спирті және сірке қышқылы арқылы есірткі қоспасын жасап шығаруға болады. Ал бұдан туындайтын ең басты қауіп – мұндай химиялық қоспалар ұлттың гендік қорына үлкен зиянын тигізеді. «Синтетиканың» дәмін бір рет татып көрген жастардың болашағы ондаған жылдарға тәуелділік пен ауыр азапқа толы болмақ, – деген Ішкі істер министрлігінің өкілі Бақытжан Әмірханов есірткі қылмысы тек қара күш қолдану арқылы шешіле қоймайтынын алға тартты.
Ол өз сөзінде болары болып, бояуы сіңген қылмысты әшкерелегеннен гөрі, оның алдын алған, себеп-салдарын болдырмаған өте маңызды екенін атап өтті. Айтуынша, синтетикалық нашақорлықтың таралуы, интернеттегі оның жарнамасы мен саудасына қоғам болып қарсы тұрып, профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын ұтымды ұйымдастыру аса маңызды екенін тілге тиек етті.
Нұрсұлтан РАХЫМБАЙ






