Шымкентте зергерлік бизнес түрінде жасырынған қаржы пирамидасы анықталды
- авторСадуақас Айсұлу
- 8 тамыз, 2025
- 403
Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті прокуратурамен бірлесіп, «Аяла Голд» қаржы пирамидасының қызметін әшкерелеп, оның жұмысын тоқтатты.
Агенттіктің мәліметінше, күдіктілер зергерлік бұйымдар саудасымен айналысатын компания ретінде тіркеліп, азаматтарға ай сайын 50–60% көлемінде кепілді табыс береміз деп уәде етіп, инвестиция құюға үгіттеген. Сондай-ақ, салынған қаражаттың қауіпсіздігіне сендірген.
Алайда, шын мәнінде төлемдер нақты табыстан емес, жаңадан келген салымшылардың қаржысы есебінен төленген.
Бұл қаржылық пирамидаға 400-ден астам адам тартылып, жалпы сомасы 1 миллиард теңгеден асатын қаражат салынған.
Тергеу барысында белгілі болғандай, күдіктілер заңсыз жолмен түскен қаржыға салынып жатқан тұрғын үй кешенінен екі пәтер сатып алған. Қазіргі таңда сот шешімімен бұл пәтерлерге тыйым салынды.
Сонымен қатар, күдіктілер өз туыстарын қаржылық схемаға тартып, оларды «дроппер» ретінде пайдаланған. Яғни басқа салымшылардан түскен қаржыны туыстарының атына тіркелген банк шоттары арқылы қолма-қол ақшаға айналдырған.
– Қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікке ілінген азамат екі ай мерзімге қамауға алынды. Тергеу мүддесіне сай, ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, қосымша ақпарат әзірге жария етілмейді, – делінген ресми хабарламада.
Айта кету керек, Қаржылық мониторинг агенттігі жыл басынан бері 47 заңсыз ойын бизнесін тоқтатқан.






