Сортөбе ауылында 75 келушіге арналған жаңа кенттік полиция бөлімшесінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Шараға Жамбыл облыстық Полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Қайсар Сұлтанбаев арнайы қатысып, жеке құрамды және ауыл тұрғындарын маңызды нысанның ашылуымен құттықтады.
Салтанатты шара барысында сөз алған Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет жаңа нысанның айрықша маңызын атап өтті:
– Бұл нысан – 80 мыңнан астам халқы бар 6 ауылдық округтің қауіпсіздігіне қызмет ететін үлкен тірек. Тұрғындардың сенімін арттыратын абыройлы мекеме болмақ. Аталған бөлім халыққа қолжетімділікті арттырып қана қоймай, тәртіп сақшыларының жұмысын жаңа сапаға көтереді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Заң және тәртіп» тұжырымдамасында құқық қорғау жүйесінің ашықтығы мен халыққа жақындығы мемлекеттің тұрақтылығының маңызды кепілі екенін атап өткен еді. Бүгінде осы тапсырмалардың Қордай жерінде нақты жүзеге асып отырғанын көріп отырмыз. Бұл бөлімше тұрғындардың өтінішіне жедел жауап беруге, құқықтық мәдениетті арттыруға және алдын алу шараларын күшейтуге үлкен мүмкіндік береді, – деді ардагер.
Жаңа ғимарат заманауи стандарттарға толық сай жабдықталған. Полиция қызметкерлерінің жайлы әрі тиімді жұмыс істеуі үшін қажетті барлық жағдай жасалған. Рәсім соңында бөлімшенің лентасы қиылып, қатысушылар нысанды аралап көрді.
Жұмыс сапары барысында облыстық Полиция департаментінің басшысы Қайсар Сұлтанбаев Қаракемер ауылына барып, «Келешек мектеп» жобасы аясында салынған №54 мектептің жұмысымен де танысты. Заманауи оқу орнының материалдық-техникалық базасы мен мүмкіндіктері басшы тарапынан жоғары бағасын алды.





