Тараз қаласының 1958 жылы туған тұрғыны Көркем Алданазарова тізе буынына жасалған күрделі отаның арқасында өздігінен жүріп кете алды.
Оған 10 жыл бұрын гонартрит — тізе буынының созылмалы қабынуы диагнозы қойылған болатын. Ауру жыл сайын үдеп, соңғы уақытта қозғалысты шектеп, өмір сапасына айтарлықтай кері әсер еткен.
Жергілікті қалалық көпбейінді аурухана мен консультативтік-диагностикалық орталықтың мамандары, атап айтқанда травматолог дәрігер Қайыржан Бөгенбайұлының жетекшілігімен науқасқа тізе буынын эндопротездеу (имплантпен ауыстыру) отасы сәтті жасалды.
Көркем Алданазарова отаның нәтижесіне көңілі толатынын айтып, алғысын білдірді:
«Отам сәтті өтті, қазір жағдайым жақсы. Травматолог дәрігер Қайыржан Бөгенбайұлына шексіз алғысымды білдіремін. Егер бұл отаны жекеменшік клиникада жасатқанымда, көп қаржы жұмсауға тура келер еді. Ал мұнда ота маған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде тегін жасалды. Бұйырса, оңалтудан да МӘМС аясында өте аламын деп үміттенемін», – дейді ол.
Айта кетейік, Тараз қалалық көпбейінді ауруханасында жамбас және тізе буындарын эндопротездеу оталары МӘМС аясында тегін жасалады.





