сәрсенбі, 4 желтоқсан, 2024 22:39

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қуатты әскер – ел қорғаны

Қуатты әскер – ел қорғаны
ашық дереккөз
Қуатты әскер – ел қорғаны. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына биыл – 32 жыл. Содан бері еліміздің әскері заман талабына сай дамып, жауынгерлердің біліктілігі артып, жалпы қорғаныс қуаты жан-жақты күшейтілді.

Ел іргесінің берік, шекара шебінің қауіпсіз болуына «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлеріне қарасты Жуалы ауданындағы 91678 әскери бөлімінің де қосып жатқан үлесі зор. Әскери бөлімнің құрамында арнайы мақсаттағы таулы-егерлік полк жасақталған. Аталған әскери құрылымның әскери қызметшілеріне таулы жерлерде қызмет атқаруға, оқу-жаттығу тапсырмаларын орындауға тек арнайы үйретілген аттар ғана көмектеседі. Олар әскери техника өте алмайтын шатқалды, таулы жерлерден жеке құрамды тасымалдайды. Сонымен қатар үйретілген аттар жеке құраммен қатар оқ-дәрі, қару-жарақ, тағы да басқа ауыр заттарды тасымалдауда үлкен рөл атқарады.Жалпы халқымыз атты ердің қанаты, батырдың жан серігі деп танып, ерекше қадір тұтқан. Батырлардың жан серігіне айналған қылқұйрықтылардың жорықтар мен қанды шайқастардағы аңызға бергісіз ерліктері туралы мысалдар тарихта жетіп артылады. Қобыланды батырдың Тайбурылындай, Ер Тарғынның Тарланындай ердің абыройын асыратын есті жылқылар әлі де бар. Мұндай жануарларды іздесеңіз тек осындай әскери бөлімдерден ғана табуға болады.

 

Жылқыны әскери машыққа үйрету әскери қызметшілерден үлкен дайындықты және сезімталдықты қажет етеді. Сондықтан тұлпардың тілін тауып, үйрету оңай жұмыс емес. Ал текті жануарды күтіп-баптау ісі одан да қиын.Осы орайда «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының ер-тоқым жөндеу жөніндегі бірегей маманы, Жуалы ауданындағы тау сақшылары полкінде келісімшарт бойынша қызмет ететін Садиер Дадаевтың қызметін сөз еткенді жөн көрдік.Ефрейтор Дадаевты әріптестері құрметпен Дада деп атайды. Бұл өзбек тілінде «әке» дегенді білдіреді. Әскери бөлімде Садиёрды жұмсақ мінезі мен мол тәжірибесі, қай кезде де әріптестерін қолдап, жігерлендіре білетін қасиеті үшін осылай құрметтеп Дада, яғни әке деп атайды.Ұлты тәжік Садиердің өзі ғана емес, әкесі де, атасы да Қазақстанда туып-өскен.– Түркістан облысының Мақтарал ауданында дүниеге келдім. Отбасымыздағы 5 ұл, 2 қыздың екеуі әскери қызметкер. Інім шекарашы, ал мен тау сақшылары полкінде қызмет етемін. Жүрегім қалаған салам бойынша қызмет етіп жүргеніме қуанамын, – дейді Садиер. 

 


Садиер Дадаев бөлімшедегі жалғыз тәжік ұлтының өкілі ғана емес, ер-тоқым жөндейтін жалғыз маман. Мұндай сирек қызмет «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты тау күзетшілер полкінде ғана бар. Дадаевты бұл қызметке бекерден-бекер алған жоқ. Садиер полктің өзге бөлімшелерінде, атап айтқанда, тау күзеті, барлау, жүк тиеу және тасымалдау роталарында қызмет етіп жүрген шағында ер-тұрманды жөндеу қажет болғанда жауынгерлік салт аттыларға жиі көмекке келетін. Сөйтіп, ол алтын қолды шебер ретінде танылып, қазіргі қызметіне тағайындалды.– 91678 әскери бөліміне қарасты таулы-егерлік полкінде ат ауласы, дәлірек айтқанда, тұлпарларға күтім жасау орны былтыр қазан айында ашылды. Құрылысы жаз бойы жүргізіліп, қысқа мерзімде аяқталды. Жауынгерлік аттарға заманауи жылы қора салынып, пайдалануға берілгеніне ерекше қуандық. Жуалы ауданындағы шекаралық аймақтың 40-45 пайызы адам аяғы жете алмайтын таулы аймақтарда орналасқан. Сондықтан әскерлердің таулы жерлерге баруға мүмкіндігін жауынгерлік аттар ғана атқара алады. Сондықтан тұлпарларға күтім жасау орны ашылғанын өте орынды шешім деп білемін. Мұндай ат ауласы бізге өте қажет.

 

Жалпы біздің ат ауласында атқарылатын шаруалар мен міндеттер жетіп артылады. Мұнда жылқыларды ұстап, оған күтім жасап қана қоймай, әскери әдіс-тәсілдерге машықтандыру жұмыстары да қатар атқарылады. Жылқыларға тамақ беріп, күтімін жасап қана қоймай, ұзақ жорықтар мен жаттығу алаңдарынан кейін ат әбзелдерін тексеріп, кейде мазасы қашқан аттарды тыныштандыру керек. Мұның бәрі күнделікті тірлікке айналғанымен үстірт қарайтын шаруа емес.Мұнда әр аттың бөлек-бөлек өз орны бар. Жауынгерлік мініс аттары осында бапталып, оларға жауапты сарбаздар тиісті күтім жасайды. Мініс аттарын күтіп-баптаудан бөлек, серуендету және шомылдыруға да жағдай жасалған. Аттардың жемшөп қоры да арнайы жабық орындарда алдын ала дайындалған. Атап айтқанда, жауынгерлік аттарға шөппен бірге арпа, сұлы, құнары мол басқа да жармалар беріледі. Бұл – өте қажет, – дейді Дадаев.

 


Тәжірибелі маман жас жауынгерлерге жылқыны күтіп-баптау бойынша кеңес беріп, асау аттарды қалай бас білдіруге болатынын үйретіп, тәсілдерімен бөліседі.
Садиердің жылқыға деген сүйіспеншілігі бала кезінен қалыптасқан.– Ефрейтор Дадаев біздің бөлімнің әскери қызметкерлері арасында құрметке ие. Әсіресе жас жауынгерлер еңбегін де, адамгершілік қасиетін де ерекше бағалайды.

Ақыл-кеңес сұрап тұрады. Оның әскери міндеттерін мүлтіксіз орындап, жылқы шаруашылығын терең білетініне бәрі де тәнті. Ең бастысы, қандай жағдай болса да көңілін түсірмей үнемі күлімдеп жүретін өмірсүйгіштік қасиеті ұнайды, – дейді тау сақшылары полкінің командирі, подполковник Алмас Отыншынов қарамағындағы қызметкер жөнінде.
Әріптестерін таңғалдырған тағы бір жайт – Садиер Дадаевтың төрт тілде еркін сөйлейтіні. Ол тек тәжік қана емес, қазақ, өзбек және орыс тілдерін жетік біледі. Ұлдары Самиға, Рузигүл, Бобуршох және Фарзонаға да бірнеше тілді үйретіп жүр.– Қазақ тілін білу міндетім болса, өзбек тіліндегі кейбір сөздер Мақтаарал өңірінде көп қолданылады. Мен қызмет етіп жатқан Жуалы ауданында да диалект басқаша. Туған өлкемде естімеген сөздерді үйреніп жатырмын. Қалай болғанда да маған жаңа таныстармен ортақ тіл табу оңай, – дейді С.Дадаев.

Сөз соңында айта кетсек, таулы-егерлік полктің әр әскери қызметшісіне бір-бір аттан бекітілген. 91678 әскери бөлімінің құрамындағы арнайы мақсаттағы таулы-егерлік полкі бүгінгі күні Қазақстанның Қарулы Күштеріндегі осы бағыттағы жалғыз құрылым.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар