«World Dog Show 2025»: Қазақ тазысы алғаш рет халықаралық деңгейде таныстырылды
- авторБақытжан Бекболат
- 11 тамыз, 2025
- 606
7–10 тамыз аралығында өткен «World Dog Show 2025» дүниежүзілік иттер көрмесінде қазақ тазысы тұңғыш рет ресми түрде әлемдік аудиторияға ұсынылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Халықаралық стандарттарға сай іріктеліп, арнайы дайындалған сегіз тазы көрмеге қатысып, ұлттық тұқымның сұлулығы мен ерекшелігін паш етті.
Көрме аясында Қазақстанның Финляндиядағы Елшілігі мен ҚР кинологтар одағы қазақ мәдениеті күндерін ұйымдастырды. Ұлттық стендте тазының тарихи шығу тегі, ерекше қасиеттері және қазақ мәдени мұрасындағы орны туралы толық мәлімет берілді.
Келушілер ақпараттық материалдар, бейнепрезентациялар арқылы Қазақстанның бай мәдениетімен танысып, қонақжайлық аймағында ұлттық тағамдар мен тұрмыстық жәдігерлерді тамашалады.
Қазақ тазысының бұл таныстырылымы – ұлттық ит тұқымын әлемге танытудың және оның тарихи-мәдени құндылығын насихаттаудың маңызды қадамы болды.






