Жолдаудағы бастамалар – денсаулық сақтау жүйесін дамытудың нақты бағдары
- авторСадуақас Айсұлу
- 10 қыркүйек, 2025
- 419
Бұл Жолдауда Мемлекет басшысы қазіргі кезең – цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізу кезеңі екенін атап өтіп, осы негізде экономиканы жаңғырту қажет екенін айтты. Бұл – уақыт талабы, бұдан айналып өту мүмкін емес.
Денсаулық сақтау саласының қызметкерлері ретінде бізді ерекше қуантқаны – Президент пен Қазақстан Республикасы Үкіметі тарапынан біздің салаға үнемі көңіл бөлініп келе жатқаны болды.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында заңсыз алынған активтерді қайтару есебінен еліміз бойынша 235 денсаулық сақтау нысаны салынғанын және жаңғыртылғанын атап өтті, оның ішінде Жамбыл облысыда бар. Сонымен қатар, "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында 540 нысан салынса, жыл соңына дейін тағы 115 нысан пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Президент денсаулық сақтау саласындағы ірі нысандар мен көпсалалы ауруханалар құрылысына да ерекше назар аударып, бұл жұмыстардың мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктері арқылы жүзеге асып жатқанын айтты.
Біздің емхана 2016 жылы 10 жылдан кейін меншігіне сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілген болатын. Осы кезең ішінде мемлекет тарапынан емхананың қызметін қаржыландыруға бірде-бір қаржы бөлінген жоқ. Егер емхана сенімгерлік басқаруға берілген кезде шамамен 300 мың теңге көлемінде шығын көрсеткен болса, соңғы жылдары тиімді басқару мен шығындарды оңтайландырудың нәтижесінде жыл сайын 146,0–211,0 млн теңге аралығында таза пайдаға қол жеткізілуде.
Инвестор мен емхананың қаржы резервтері есебінен медициналық жабдықтар толық жаңартылып, ғимараттарға күрделі жөндеу жүргізілді, қызметкерлердің жалақысы уақтылы әрі кезең-кезеңімен өсіріліп келеді, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің кәсіби деңгейі де артып отыр.
Осыған орай, емхана ұжымы атқарып отырған қызметтің қазіргі заман талаптарына толық сай келетінін атап өтеміз және Қазақстан Республикасының Президенті жариялаған Жолдаудағы бастамаларды толығымен қолдаймыз.
Салтанат Аманжолова
Жамбыл облыстық стоматологиялық емханасының директоры




