жұма, 5 желтоқсан, 2025 15:06

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Медициналық серпіліс: Таразда жасөспірімнің жүрегіне күрделі ота МӘМС аясында жасалды

Медициналық серпіліс: Таразда жасөспірімнің жүрегіне күрделі ота МӘМС аясында жасалды
Фото - ашық дереккөз
Тараз қаласындағы Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығында алғаш рет жасөспірімге жүректегі туа біткен ақауды түзетуге бағытталған күрделі операция сәтті жасалды.

Науқас 16 жастағы бозбала туғанынан бері дәрігерлердің бақылауында болған. Оның жүрегіндегі аорталық қақпақ қалыпты үш жармалы емес, екі жармалы болып қалыптасқан. Мұндай жағдайда жүрек қақпағы толық ашылып-жабылмай, қан айналымына кедергі келтіреді. Уақыт өте келе жасөспірімде ентігу мен шаршағыштық байқалып, күнделікті қозғалыс та қиынға соға бастаған.

Мамандар жүрекке жасалған арнайы тексеріс кезінде қақпақтан өту кезіндегі қан қысымының айырмасы 100 мм сынап бағанасына жеткенін анықтады.

Бұл -  қалыптыдан бірнеше есе жоғары көрсеткіш. Науқастың өміріне қауіп төнуіне байланысты дәрігерлер шұғыл түрде ота жасау туралы шешім қабылдады.

Күрделі операцияны орталықтың жетекші дәрігерлері - орталық басшысы, профессор Сейітхан Жошыбаев, балалар кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Икром Мұхамедов, бас дәрігер Алмас Әлібеков және басқа да тәжірибелі мамандар бірлесіп жүргізді.

Жасөспірімге Озаки әдісімен ота жасалды. Бұл – Жапонияда пайда болған және бүгінде дамыған елдерде кеңінен қолданылатын озық тәсіл. Оның ерекшелігі – жүрек қақпағы науқастың өз жүрек қабығынан (перикардтан) жасалып, қайта қалыптастырылады.

Операция сәтті өтіп, қақпақтағы қысым айырмасы 100-ден 6 мм сынап бағанасына дейін төмендеді. Жүректегі кері қан ағымы тоқтап, баланың жағдайы тұрақтанды. Енді ол қалыпты өмір сүрумен қатар, спортпен де айналыса алады.

Айта кету керек, мұндай жоғары технологиялық операциялар Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында тегін жасалады.

Бөлісу:
Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар