жұма, 5 желтоқсан, 2025 15:43

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Астанада Бейбітшілік пен келісім саябағы ашылды

Астанада Бейбітшілік пен келісім саябағы ашылды
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі
Саябақты Әлемдік және дәстүрлі діндер Съезінің қатысушылары ашты

Астанада Бейбітшілік және келісім саябағы ашылды. Бұл ерекше жоба – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі аясында дінаралық әрі мәдениетаралық диалогты дамыту мақсатында қолға алынған бастама. Ашылу салтанатына VIII Съезд делегаттарымен қатар, Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы және Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев қатысты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Хатшылық басшысы өз сөзінде құрметті қонақтарға алғысын білдіре отырып, бұл саябақтың іргетасы 2022 жылы өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысушылардың бастамасымен қаланғанын атап өтті. Сол жиында Рим Папасы Франциск пен Әл-Азһардың Жоғарғы имамы шейх Ахмед ат-Тайеб те қатысқан болатын. Осы уақыт ішінде саябақ еліміздегі түрлі конфессиялар арасындағы татулық пен келісімнің айқын үлгісіне айналды.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде:

«Съезге қатысушылардың ізгі бастамасының нәтижесінде Есіл өзенінің жағалауында жаңа саябақ бой көтерді. Бұл – бірліктің, өзара сенімнің және бейбітшілік пен келісімнің жарқын символы. Барлық халықтың дәстүрінде тал өміршеңдікті, өсуді және өркендеуді білдіреді. Сондықтан бұл саябақты сенім мен этносқа қарамастан кемел келешекке ортақ ұмтылысымыздың белгісі деп қабылдаймыз. Қазақстан астанасының ортасында орналасқан Бейбітшілік және келісім саябағы діндер мен мәдениеттер арасындағы рухани көпір болады деп сенеміз. Мұндай қадам қазіргідей күрделі кезеңде айрықша маңызға ие», – деді.

Сондай-ақ ол еліміздің түрлі этнос, мәдениет және дін өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқанын ерекше атап өтті. Бұл – Қазақстанда ашықтық, сенім, шыдамдылық және өзара құрмет сияқты құндылықтардың нақты көрінісі. Саябақтың қақ ортасында орналасқан «Өмір ағашы» монументі де осы ұстанымдарды білдіреді. Үш жыл бұрын бұл жерде съезд делегаттары 60-тан астам ағаш отырғызған болатын. Монументтің дәл ортасында күмбез түрінде емен ағашы отырғызылып, субұрқақ орнатылған.

Жоба авторларының айтуынша, су мен тарих тереңіне бойлаған тамырлары бар өмір ағашы Жердегі мәңгі тіршілікті және оның құндылығын паш етеді. Бұл инсталляция арқылы адамзат сенімі мен нанымына қарамастан, бейбітшілікке, достық пен келісімге үнделеді. Күмбез – бір аспан астындағы тыныш өмірді, ал төрт жақтағы кіреберістер – дүниенің төрт тарапын: Оңтүстікті, Солтүстікті, Батысты және Шығысты бейнелейді. Күмбез қабырғаларына дүниенің жаратылысы, еліміз үшін маңызды тарихи оқиғалар мен ежелгі петроглифтер бейнеленген.

Саябақтың ашылу рәсіміне қатысқан VIII Съезд делегаттары «Бала бояуындағы әлем» атты сурет көрмесін де тамашалады. Бұл көрмеде республикалық жас суретшілер байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің 20 үздік жұмысы ұсынылды. Аталған көрме жас ұрпақтың шығармашылығын таныстырып қана қоймай, жарқын және үйлесімді болашаққа сенімді арттыруға да өз үлесін қосады.

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар