сейсенбі, 5 мамыр, 2026 17:22

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Алдағы жылыту маусымына дайындық үшін Үкімет резервінен 25 млрд теңге бөлу мақұлданды

Алдағы жылыту маусымына дайындық үшін Үкімет резервінен 25 млрд теңге бөлу мақұлданды
Үкіметтің баспасөз қызметі
Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде өткен жылыту маусымының қорытындысы мен алдағы жылу беру маусымына дайындық барысы қаралды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Жиында энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов, KEGOC компаниясының басқарма төрағасы Нәби Айтжанов, «Самұрық-Энерго» компаниясының басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов, сондай-ақ Қарағанды, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстарының әкімдері баяндама жасады.

Премьер-министр өткен жылу беру маусымы аса бір қауіпті апаттық жағдайларсыз аяқталғанын атап өтті. Электр стансаларындағы технологиялық бұзушылықтар саны былтырмен салыстырғанда 15%-ға азайды.

17 мың МВт электр энергиясы өндіріліп, тарихи ең жоғары деңгейге қол жеткізілді. Бұл – өткен жылыту кезеңімен салыстырғанда 7%-ға жоғары.

«Аталған фактілер өткен қыс мезгіліне дайындық жұмыстарының едәуір жоғары болғанын білдіреді Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында энергетикалық инфрақұрылымды және коммуналдық шаруашылықты жаңғырту міндетін қойды. “Тарифті инвестицияға айырбастау” бағдарламасы аясында биыл электр стансаларын жөндеу және жаңғырту жұмыстарына шамамен 384 млрд теңге қаралған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға көп. Сондай-ақ еліміздің энергетикалық инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Тек биылдың өзінде 130 шақырым жылу желілері мен 10,5 мың шақырым электр желілерін жаңғырту жоспарланған. Аталған шаралар желілердің тозу деңгейін тиісінше 48 және 62%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Бұл ретте Премьер-министр ведомстволар мен әкімдіктердің жөндеу жұмыстарының көлемі мен оларды қаржыландыруды қысқартуға жол бермеуі қажеттігіне назар аударды. Әрбір мұндай факт бойынша меншік иелеріне, сол сияқты басқарушы компанияларға қатысты шаралар қабылданады. Осыған байланысты «KEGOC» компаниясына Энергетика министрлігімен бірлесіп, 25 мамырға дейін ұлттық маңызы бар стансаларға арналған жабдықтардың жұмыс режимдерін бекітуді тапсырды.

Сондай-ақ келесі жылыту маусымына дайындықты қамтамасыз ету үшін өңірлерге мемлекет тарапынан барлық қажетті қаржылық қолдау көрсетілетінін атап өтілді. Энергия көздері мен желілік жабдықтарды жөндеу және ауыстыру бойынша жоспарлы жұмыстарды жалғастыру қажет.

Жылу желілерін дер кезінде әрі сапалы сынақтан өткізу керек. Барлық жұмыс белгіленген мерзімде және толық көлемде орындалуға тиіс.

Үкімет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетіледі. Үкімет резервінен 25 млрд теңгеден астам қаржы бөлу туралы шешім мақұлданды. Аталған қаражат Жетісу, Абай, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында жылу көздерін жөндеу мен салуға, сондай-ақ төрт өңірде 30 шақырымға жуық жылу желілерін жөндеуге бағытталды.

Олжас Бектенов бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын және қол жеткізілген нәтижелерді бақылауда ұстау қажет екенін баса айтты. Өңірлерде энергия нысандарының дайындық паспорттарын алмайтын жағдайлар тіркелетін болса, оған өңір әкімдері тікелей жауапты болады.

Өңір әкімдіктеріне екі апта мерзімде барлық конкурстық рәсімдерді өткізіп, жөндеу жұмыстарына нақты кірісу тапсырылды.

«Ешқандай басы артық бюрократия болмауы керек. Жылумен қамтамасыз ету нысандарын жөндеу жұмыстарын тамыз айының соңынан кешіктірмей аяқтау қажет. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, өңір әкімдіктері 1 қыркүйекке дейін білім беру және денсаулық сақтау нысандарының толығымен дайын болуын қамтамасыз етсін. Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде барлық инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары 15 қыркүйекке дейін, ал қалған өңірлерде 15 қазанға дейін толық әзір болуы тиіс. Әкімдерге жылу нысандарына тұрақты негізде барып, жағдайды жеке бақылауға алуды тапсырамын», — деп атап өтті Премьер-министр.

Энергетика министрлігіне Көлік министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, 1 қыркүйекке дейін жылу көздері мен теміржол тұйықтарында отын қорын алдын ала жинақтауды қамтамасыз ету тапсырылды.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар