2026 жылғы қаңтар–наурыз айларының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының көлік саласы негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамиканы сақтап отыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Нақты көлем индексі 112,8%-ды құрады. Көрсетілген қызметтер көлемі 2,9 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 2,4 трлн теңгеден айтарлықтай артты.
Жүк тасымалы да өсім көрсетті. Есепті кезеңде 239,8 млн тонна жүк тасымалданып, бұл 2025 жылдың қаңтар–наурыз айларымен салыстырғанда 8%-ға жоғары (222 млн тонна). Жолаушылар тасымалы 9,3%-ға өсіп, 483,7 млн адамға жетті. Өткен жылы бұл көрсеткіш 442,5 млн жолаушы болған.
Жыл соңына дейін оң үрдісті сақтау ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру арқылы қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда, барлық жұмыс түрлерімен 11 мың шақырым автомобиль жолын қамту жоспарланған.
Теміржол саласында «Дарбаза – Мақтаарал» және «Мойынты – Қызылжар» жаңа теміржол желілерінің құрылысы аяқталмақ. Бұл жобалар өткізу қабілетін арттырып, еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтеді.
Азаматтық авиация саласында Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі туристік аймақтарында үш жаңа әуежайдың құрылысы биыл аяқталады деп күтілуде.
Көлік паркін жаңарту да басты назарда. 2026 жылы 9 әуе кемесін сатып алу жоспарланған. Жыл басынан бері 3 ұшақ алынған: оның ішінде Air Astana – 1, SCAT Airlines – 2.
Сонымен қатар, 1800 бірлік жылжымалы құрамды жаңарту көзделіп отыр. Оның ішінде 236 локомотив, 1373 жүк вагоны және 191 жолаушылар вагоны бар.
Жалпы, қолға алынған шаралар көлік саласының тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, 2026 жылдың қорытындысы бойынша нақты көлем индексін жоспарланған 110% деңгейінде сақтауға мүмкіндік береді.





