Бұл не деген диета өзі? Ғалымдар адамзаттың өмірін ұзартатын тәсілді тапты
- авторБақытжан Бекболат
- 4 қазан, 2025
- 731
Әлем ғалымдары адамның денсаулығын жақсартумен қатар, табиғатты қорғауға да ықпал ететін жаңа тамақтану жүйесін атады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
EAT-Lancet комиссиясының есебі бойынша, егер адамзат өсімдік тектес тағамға басымдық беріп, ет пен сүт өнімдерін шамадан тыс тұтынуды азайтса, жыл сайын 15 миллионға дейін адамның өмірін сақтап қалуға және ауыл шаруашылығынан шығатын зиянды газдар көлемін 15%-ға дейін төмендетуге болады.
Бұл тұжырым комиссияның соңғы есебінде келтірілген. Зерттеу барысында ғалымдар тағамның адам денсаулығына, климаттың өзгеруіне, биоалуантүрлілікке және ауыл шаруашылығындағы еңбек жағдайларына әсерін кешенді түрде қарастырған.
Потсдам климаттық зерттеулер институтының жетекшісі, есеп авторларының бірі Йохан Рокстрём қазіргі азық-түлік жүйесі өзгермесе, климат пен табиғаттың ең ауыр салдарын болдырмау мүмкін болмайтынын ескертеді.
«Бүгінгі тұрақсыз тағам өндіру жүйесінен бас тартпасақ, біз климат саласында да, биоалуантүрлілікті сақтау ісінде де, азық-түлік қауіпсіздігінде де сәтсіздікке ұшыраймыз. Бұл адамзат үшін қауіпті бағыт», – дейді ғалым.
EAT-Lancet комиссиясының алғашқы есебі 2019 жылы жарияланып, тағам жүйесін адам денсаулығы мен экология тұрғысынан қатар қарастырған алғашқы ірі ғылыми жұмыс ретінде бағаланған еді. Ал жаңа есеп сол зерттеудің жалғасы болып саналады. Онда азық-түлік өндірісінің жер мен су ресурстарына, еңбек жағдайына және қоршаған ортаға әсері де кеңінен қамтылған.
Кішкентай өзгеріс – үлкен нәтиже
Зерттеу авторлары тамақтану мәдениеті әр адамның жеке таңдауы екенін айта отырып, ғаламдық өзгерістердің бастамасы дәл осы ұсақ шешімдерден туатынын атап өтеді.
«Адамдар тамақтану әдетін өз болмысымен байланыстырады. Сондықтан қатаң шектеулер қорқынышты көрінуі мүмкін. Бірақ шағын өзгерістің өзі үлкен әсер береді», – дейді климат саласындағы сарапшы Эмили Кэссиди.
Мәселен, зерттеу деректеріне сүйенсек, егер жоғары және орта табысты елдердің тұрғындары қызыл етті аптасына бір рет қана тұтынуға көшсе, бұл Ресейдің жылдық шығарындыларына тең парниктік газ көлемін азайтады. Ал ауыл шаруашылығында өнімділікті арттыру және тағам қалдығын азайту сияқты шаралар бұл көрсеткішті 20%-ға дейін жеткізуі мүмкін.
EAT-Lancet комиссиясы қазіргі азық-түлік жүйесінде әділетсіздік пен теңсіздік әлі де кең тарағанын айтады. Әлем халқының жартысына жуығы сапалы тағамға, таза ортаға және лайықты еңбек жағдайына қол жеткізе алмай отыр. Ең көп зардап шегетіндер – әйелдер, балалар, этникалық азшылық өкілдері мен қақтығыс аймақтарындағы халық.
Ғалымдардың үндеуі
Климатқа қатысты БҰҰ конференциясы қарсаңында Йохан Рокстрём бастаған ғалымдар әлем елдерінің басшыларын азық-түлік саясатын ғылыми негізде қайта қарауға шақырды.
«Мұны елемеу – адамзатты әлсірету жолы. Бұл тек азық-түлік қауіпсіздігі емес, денсаулық пен қоршаған ортаның тұрақтылығы мәселесі», – дейді Рокстрём.
Айта кетейік, EAT-Lancet – тағам жүйесін реформалау және оның адам денсаулығы мен экологиялық тұрақтылыққа әсерін зерттейтін халықаралық ғылыми комиссия. Ұйымның алғашқы баяндамасы 2019 жылы жарияланып, «Planetary Health Diet» ұғымын енгізген.
Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде жер сілкінісі тіркелді
Ұқсас жаңалықтар
«Ақырзаман жақындады»: Ғалымдар тосын мәлімдеме жасады
- авторБақытжан Бекболат
- 20 қазан, 2025






