Талғардағы ҚФФ академиясы FIFA Talent Academy мәртебесіне ие болды
- авторБақытжан Бекболат
- 19 қыркүйек, 2025
- 483
18 қыркүйек күні Талғар қаласында Қазақстан футбол федерациясының академиясына FIFA Talent Academy мәртебесі берілді. Осылайша ҚФФ – әлемде тоғызыншы, ал УЕФА құрамындағы екінші қауымдастық ретінде танылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жоба жас футболшыларды халықаралық деңгейде дайындауға бағытталған ҚФФ пен ФИФА арасындағы серіктестіктің нәтижесі болып отыр.
Салтанатты шараға ФИФА-ның ғаламдық даму директоры Стивен Мартенс, ҚФФ бас хатшысы Давид Лория, Қазақстандағы FIFA жаттықтырушысы Виталий Астафев, FIFA High Performance жобасының жетекшісі Ульф Шотт, Франция құрамасының әлем және Еуропа чемпионы Кристиан Карамбе, сондай-ақ отандық футбол ардагерлері мен академия тәрбиеленушілері қатысты.
Футбол ардагері Құралбек Ордабаев академияның ашылуын қазақ футболының болашағына жол ашатын маңызды қадам деп атап өтті. Ал ФИФА президенті Джанни Инфантино бейнеүндеуінде бұл бастама жас таланттардың дамуына және олардың әлеуметтік тұрғыдан тұлға болып қалыптасуына ықпал ететінін айтты.
ФИФА-ның даму директоры Стивен Мартенс те Қазақстанның Орталық Азияда алғашқы болып осындай мәртебеге ие болғанын ерекше атап өтті. Оның сөзінше, жоба ұлттық құрама мен кәсіби футболға сапалы ойыншылар дайындауды мақсат етеді.
«Бүгін – Қазақстан футболы үшін маңызды күн. Қазақстан футбол федерациясының академиясы FIFA Talent Academy мәртебесін иеленген Орталық Азиядағы тұңғыш және әлем бойынша тоғызыншы ұйым атанып отыр. ФИФА-ның Қазақстандағы таланттарды дамыту бағдарламасы кәсіби деңгейде де, ұлттық құрама үшін де сапалы ойыншыларды даярлауды көздейді.
Бұл жобаның болашағы зор. Тек жемісін көру үшін оған уақыт беру қажет», – деді Мартенс.
Өз кезегінде ҚФФ бас хатшысы Давид Лория:
«Академиямызға ресми түрде FIFA Talent Academy мәртебесінің берілуі – халықаралық футбол қауымдастығының бізге көрсеткен сенімі әрі үлкен жауапкершілік.
ФИФА-ға артқан сенімі үшін алғыс білдіремін. Бұл жоғары мәртебені ақтау үшін біз бар күшімізді салып еңбек етіп, Қазақстанды халықаралық аренада лайықты таныта алатын жаңа буын футболшыларын тәрбиелеуді жалғастырамыз», – деді.
Шара барысында ФИФА өкілдері ҚФФ басшылығына арнайы белгі табыс етті. Сонымен қатар академияның қос командасы ашық жаттығу өткізіп, жолдастық кездесу өткізді.
Іс-шараның соңында ардагерлер мен қонақтар – Құралбек Ордабаев, Кристиан Карамбе, Самат Смақов пен Дмитрий Бяков жас футболшыларға ФИФА-ның арнайы медальдары мен естелік сыйлықтарын табыстады.
5513 әскери бөлімінде Президент Жолдауы талқыланды
Ұқсас жаңалықтар
Жәнібек Әлімханұлы допинг дауына байланысты мәлімдеме жасады
- авторБақытжан Бекболат
- 3 желтоқсан, 2025






