Қант қызылшасын қабылдау қарқынды жалғасуда
- авторБақытжан Бекболат
- 18 қараша, 2025
- 198
Аудандағы шаруашылықтар мен «Меркі қант зауыты» ЖШС тәтті түбірді қабылдау және өңдеуді ұйымдасқан түрде жүзеге асыруда, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
«Smartagro Karkara» серіктестігінің басшысы Нұргелді Әбжапаров 600 гектар алқаптағы егін жинау жұмыстарымен таныстырды. Биыл шаруашылық қант қызылшасымен бірге арпа және бидай да еккен. Жаңбырлатып суару технологиясын тиімді қолданудың арқасында әр гектардан 60 тонна өнім алынып отыр. Науқанға 73 техника мен 25 маман жұмылдырылған. Келесі жылы шаруашылық жүгері егіп, алқаптарды әртараптандыруды жоспарлап отыр. Жаңадан алынған техникалар қант қызылшасын жинау жұмысын айтарлықтай жеңілдеткен.
Сонымен қатар, «Жансая» ЖШС-нің 100 гектар қант қызылшасы алқабында да қарбалас жұмыс бар. 2002 жылы құрылған серіктестікте 15 адам еңбек етеді, 28 техника жұмыс істейді. Алдағы жылы шаруашылық тамшылатып суару жүйесін енгізбек.
Меркі қант зауытында өнімді қабылдау және өңдеу қалыпты тәртіпте жүргізілуде. Зауыттағы зертхана қант құрамын тексерсе, кагаттық алаң да толық жұмыс істеп тұр. Өнім қабылдау кезінде кептеліс тудырмау үшін талондық жүйе енгізілген. Шаруалардың айтуынша, тәтті түбірді өткізу кезінде ешқандай кедергі жоқ.
Биыл аудандағы 5,3 мың гектар алқаптан 250 мың тонна қант қызылшасын жинау жоспарланған. 2025 жылдың 10 қазанынан бері зауыт өнім қабылдауды бастады. Бүгінге дейін 2,3 мың гектардан 122,6 мың тонна өнім жиналып, оның 101,1 мың тоннасы зауытқа тапсырылған. Кәсіпорын тәулігіне 5 мың тонна қант қызылшасын қабылдап, 2,5 мың тоннадан астамын өңдейді.
Шаруаларға қант қызылшасының әр келісіне 38 теңге субсидия төленеді. Оның 25 теңгесін мемлекет, 13 теңгесін зауыт өз қаражаты есебінен береді.






