Байзақта артиллериялық снаряд шығаратын зауыт салынуы мүмкін
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 15:35
- 94
Бұл туралы Байзақ ауданының әкімі Олжас Баққараев мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Аудан әкімінің айтуынша, 2026 жылы аудан аумағында жалпы құны 55,1 млрд теңгені құрайтын 38 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 409 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
– Инвестициялық жобалардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы мен өңдеу саласына бағытталған. Атап айтқанда, сұйытылған табиғи газ өндіретін зауыт салу, құс өсіру кешендерін кеңейту, құрылыс материалдарын шығару және қалдықтарды қайта өңдеу жобалары бар. Бұл бастамалар аудан экономикасын әртараптандыруға және өндіріс көлемін ұлғайтуға жол ашады, – деді аудан әкімі.
Ірі жобалардың қатарында «КНГП ВОРТЕКС ГАЗ» серіктестігінің шағын тоннажды сұйытылған табиғи газ зауыты ерекше орын алады. Кәсіпорын жылына 70 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы.
Сонымен қатар, «АЛЕЛЬ АГРО» компаниясы құрама жем зауытының өндірістік қуаттылығын арттыру мақсатында кеңейту жұмыстарын жүргізіп, құс өсіру кешендерін дамытуда.
Бұдан бөлек, ауданда сэндвич-панельдер мен газоблоктар өндіретін зауыттар, сондай-ақ тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдейтін кәсіпорындар ашу жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы бағытында томат өндіру, бұршақ дақылдарын терең өңдеу және форель балығын өсіру жобалары да іске асырылуда.
Сонымен қатар, Байзақ ауданында қорғаныс өнеркәсібіне қатысты ірі инвестициялық жобаларды іске асыру мәселесі пысықталуда.
– Қазіргі уақытта «BARYS DYNAMICS» холдингімен бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша келіссөздер жүргізілуде. Атап айтқанда, жылдық қуаттылығы 500–1500 тонна артиллериялық снаряд өндіретін ASPAN-2 зауыты мен жылдық қуаттылығы 1000–2700 тонна оқ-дәрі өндіретін ASPAN-3 зауытын салу жоспарланып отыр. Жобалардың жалпы құны 451,7 млрд теңгені құрайды. Бұл жобалар іске асқан жағдайда 1500 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде, – деді Олжас Елебекұлы.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, жақын күндері инвесторлардың облысқа келуі жоспарланған. Аудан тарапынан өндіріс орындарын орналастыру үшін қолайлы бос жер учаскелері ұсынылатын болады. Аталған жобаларды толық іске асыру 2029 жылға жоспарланған.




