жұма, 8 мамыр, 2026 10:17

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Биыл Жамбыл облысында 96 жаңа нысан пайдалануға беріледі

Биыл Жамбыл облысында 96 жаңа нысан пайдалануға беріледі
Фото: Jambylinfo.kz
Кез келген өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы ең алдымен сапалы инфрақұрылыммен тығыз байланысты. Бұл тұрғыда құрылыс саласының маңызы ерекше. Өйткені жаңа нысандардың бой көтеруі халықтың тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, өңірдің инвестициялық және әлеуметтік әлеуетін арттыруға жол ашады.

Бүгінде облыс аумағында ауқымды құрылыс жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй, мәдениет және спорт секілді маңызды салаларды қамтитын көптеген жоба жемісті жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Бұл бастамалар Әулиеата аймағын көркейтіп қана қоймай, оның тұрақты дамуына серпін беретін негізгі қозғаушы күшке айналып отыр.

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орунтаевтың айтуынша, бүгінгі таңда жалпы сметалық құны — 240,1 миллиард теңгені құрайтын 142 жоба іске асырылуда. Биылғы жылы аталған жобаларды жүзеге асыруға бюджеттен 85 миллиард теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Жалпы, нысандардың 96-сы осы жылы пайдалануға берілсе, 46 жоба 2027 жылға өтпелі.

Сала басшысы өз сөзінде құрылыс жұмыстарының қарқыны мен сапасына ерекше мән беріліп отырғанын жеткізді. 

– Әрбір нысан бойынша нақты жұмыс кестесі бекітілген. Мердігер ұйымдардың жауапкершілігі күшейтіліп, техникалық және авторлық қадағалау тұрақты бақылауға алынған. Басты мақсат – бюджет қаражатын тиімді пайдаланып, барлық нысанды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтау, – деді Ерлан Орунтаев.

Әрбір жоба салалар бойынша жүйелі түрде бөлінген. Айталық, білім беру бағытында 13 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 3 жаңа мектеп пен 10 жапсарлас құрылыс бар. Биыл 11 нысанды толықтай аяқтау жоспарланған. Ал Тараз қаласындағы №27 мектеп пен Шу ауданы Көктөбе ауылындағы нысан 2027 жылға өтпелі. Бұл жобалар оқушыларға қолайлы жағдай жасап, үш ауысымды мектеп мәселесін азайтуға ықпал етеді.

Сол секілді денсаулық сақтау саласында да ірі жобалар қолға алынған. Жалпы сметалық құны – 86,9 миллиард теңгені құрайтын 5 нысанның құрылысы жүргізілуде. 2026 жылы 38,8 миллиард теңге бөлініп, 2 нысанды – Тараз қаласындағы компьютерлік томография және маммография модульдеріне арналған гараж құрылысы мен Талас аудандық ауруханасын қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Ал биобанк, жер асты қоймасы және Шу аудандық ауруханасына қабылдау бөлімін салу жұмыстары келесі жылға өтпелі. 

Спорт саласында 7 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Жалпы құны – 3,2 миллиард теңгені құрайтын бұл нысандарға 1,7 миллиард теңге бөлінген. Жыл соңына дейін барлық 7 спорт нысанын пайдалануға беру жоспарланған. Аудандық деңгейде жаңа спорт кешендерінің ашылуы – бұқаралық спортты дамытуға әрі жастарды салауатты өмір салтына тартуға мүмкіндік береді.

Мәдениет саласында 11 нысанның құрылысы жүргізілуде. Жалпы құны – 7,5 миллиард теңге болатын бұл жобаларға 3,5 миллиард теңге бөлінген. Биыл 10 нысанды аяқтау көзделсе, 1 нысан келесі жылға өтеді. Қазірдің өзінде Жуалы ауданындағы Көлбастау және Қордай ауданындағы Үлкен Сұлутөр ауылдарындағы мәдениет үйлері пайдалануға берілді. Сонымен қатар Тараз қаласында этноауыл кешені мен «Төрткөл» керуен сарайының құрылысы жалғасуда.

Ауыл шаруашылығы саласында 8 нысан салынып жатыр. Оның 6-ы биыл аяқталып, 2-еуі 2027 жылға өтпелі. Нысандар агроөнеркәсіптік кешеннің инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған. Ал ішкі істер және әкімшілік бағыттағы 2 нысанның бірі биыл тапсырылса, екіншісі келесі жылға қалдырылған.

Тұрғын үй құрылысы – басты басымдықтардың бірі. Жалпы, 66 тұрғын үй кешені салынып, оның 35-і биыл пайдалануға беріледі. Қалған 31 нысан келесі жылға өтпелі. Бұдан бөлек инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым бойынша 30 жоба жүзеге асырылып, оның 24-і осы жылы аяқталады. Сондай-ақ республикалық бюджет есебінен 350 пәтер сатып алу жоспарланған. 

Жобалардың қаржыландыру көздері де әртараптандырылған. 92 нысан «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында жүзеге асырылуда. Сонымен қатар 26 жоба «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы арқылы қаржыландырылса, 22 жоба «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы аясында іске асырылуда. Ал 2 нысан арнайы мемлекеттік қор есебінен қаржыландырылған.

Бүгінгі күнге дейін 5 нысанның құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Оның ішінде білім беру, мәдениет және тұрғын үй салаларындағы маңызды жобалар бар. Бұл – жоспарлы жұмыстың нақты нәтижесі.

Құрылыс басқармасы тікелей тапсыры беруші болып саналатын жобалар да ерекше назарда. Жалпы құны – 116,3 миллиард теңгені құрайтын 25 жобаға 54 миллиард теңге бөлініп, құрылысы жүргізілуде. Оның 19-ы биыл аяқталса, 6 жоба келесі жылға өтпелі. 

– Құрылыс – тек ғимарат тұрғызу емес. Бұл – халықтың әл-ауқатын жақсартуға, жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған маңызды қадам. Әрбір нысан тұрғындардың өмір сапасын арттыруға қосылған үлес деп білеміз. Сондықтан барлық жобаны сапалы әрі уақытылы аяқтауға бар күшімізді саламыз, – деп қорытындылады Ерлан Орунтаев.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар