Биыл Жамбылда қанша спорт нысаны пайдалануға берілді
- авторМағжан Орынбасар
- Бүгін, 18:46
- 28
Биыл Жамбыл облысындағы спорт саласында 21 нысанның құрылысы жүргізілуде. Жекелей алғанда, оның 18-і бюджет қаражаты, 3-і - демеушілер есебінен қаржыландырылып отыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының дерегінше, жыл басынан бері өңірде 3 спорт нысаны пайдалануға берілді.
- Бүгінге, 3 спорт кешені (1)Қордай ауд. Қарасай батыр а. спорт кешені, 2) Талас ауд. Бостандық а. спорт кешені, 3) Мойынқұм ауд. Айдарлы а. спорт кешені) мен 90 спорт алаңшасы пайдалануға берілді, жыл соңына дейін тағы 7 нысанды қолданысқа беру жоспарлануда (11-і 2026 жылға өтпелі). «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры есебінен 3 ангар типті спорт кешенін пайдалануға беру жоспарлануда (Шу ауданы Шу қ., Бірлік а., Көкқайнар а.), - деп жазылған басқарманың хабарламасында.
Ал, Тараз қаласындағы орталық стадион дәл осыдан 89 жыл бұрын ел игілігіне берілген. Үш жыл бұрын мұнда қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Жаттығу мен жарыс кезінде жергілікті футбол командалары пайдаланатын аталған стадионда ішінара түрлі деңгейдегі мәдени және спорттық шаралар да өтіп тұрады. Десе де, бүгінгі таңда орталық стадионның жай-күйі Қазақстан футбол федерациясы мен Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының (УЕФА) талаптарына сәйкес келмейді. Осы себепті келер жылы алаңға реконструкция жұмыстарын жүргізу мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу үшін нысанды облыстық құрылыс басқармасының теңгеріміне беру бойынша ұсыныс-хат жолданыпты. Бұл туралы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов мәлімдеді.
Атап өтейік, дәл қазір облыс аумағында 2350-ден астам спорт ғимараты бар. Оның ішінде 1 спорт сарайы, 17 стадион, 63 спорт кешені, 419 футбол алаңы мен 20-дан астам өзге де нысандар бар. Сондай-ақ 773 спорт зал қарапайым халықтың салауатты өмір салтына ұстануына өз септігін тигізіп отыр. Ал биыл Әулиеата өңірінде 21 спорт нысанының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Мұндағы 18 ғимарат бюджет есебінен бой көтерсе, қалған үшеуі демеушілердің көмегімен салынуда. Спикердің айтуынша, қазірге дейін Қордай ауданының Қарасай, Мойынқұм ауданының Айдарлы ауылында және Талас ауданының Бостандық елді мекендерінде 3 спорт кешені қолданысқа берілген. Жыл соңына дейін 7 жобаның құрылыс жұмыстарын аяқтап, пайдалануға беру көзделуде.
– Өткен жылы 15 спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп, 9 спорт кешені ашылды. Сонымен қатар демеушілер тарапынан соғылған 3 спорт кешені келушілерге есігін айқара ашты. Сондай-ақ биыл Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайына 314,5 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазақстан футбол федерациясының «Алаң» жобасы аясында 160 миллион теңгеге спорт сарайының сыртындағы футбол алаңы жаңартылды. Осындай игі істердің арқасында облыста халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 70,8 пайызды құрады. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 72 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Аталған көрсеткіш бойынша өзге өңірлермен салыстырғанда облысымыз үздіктер қатарында, – деді Ернар Таласбекұлы.
Президент тапсырмасына сәйкес, жауапты басқарма тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізіліп, облыстағы заманауи кіші футбол алаңшасы жоқ елді мекендердің тізімі жасақталған екен. Осыған орай басқарма басшысы аудан әкімдерін 2027 жылдың соңына дейін барлық елді мекенді заманауи кіші футбол алаңшасымен қамтамасыз етіп, маңызды тапсырманы орындауда қолдау көрсетуге шақырды.
Жалпы, биыл балалар-жасөспірімдер дене дайындығы клубын Мойынқұм, Сарысу, Талас және Шу аудандарында ашу жоспарланған. Алайда қазіргі кезде бұл клуб тек Мойынқұм ауданында ғана ашылып отыр. Ал жоспарға сай Жуалы ауданындағы клуб өткен жылы пайдалануға берілуі керек болған. Өкінішке қарай, биыл Жамбыл, Жуалы мен Меркі ауданындарында бұқаралық спортты қаржыландыруға тиісті көлемде қаржы бөлінбеген. Ал Тараз қаласы мен Қордай, Мойынқұм, Шу және Талас аудандарында өсім байқалады.





