жұма, 5 желтоқсан, 2025 18:55

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Өрнек ауылының даму жолы: дәстүр мен замана үндестігі

Өрнек ауылының даму жолы: дәстүр мен замана үндестігі
gov.kz
Өрнек ауылының атауының өзі поэтикалық және мағыналы естіледі. Қазақ тілінде «өрнек» сөзі «ою», «кесте» ұғымдарын білдіреді.

Расымен де, бұл ауылдың тіршілігі еңбек, қамқорлық пен туған жерге деген сүйіспеншілікпен өрілген нәзік өрнекке ұқсайды.

Облыс орталығынан небәрі елу бес шақырым қашықтықта орналасқан Өрнек – қала қарбаласынан алыс, бірақ өмірі ырғақты, ілгері басқан ауыл. Асфальт жолмен жарты сағатта жетуге болады. Мұнда келген жанды ең алдымен тазалық, тыныштық және тәртіп бірден баурап алады. Бұл ауылдың аудандық абаттандыру байқауында екінші орын алуы да тегін емес.

Ауыл өмірі тыныш, бірақ еңбектен бос емес. Тұрғындар мал және егін шаруашылығымен айналысып, балалар мектепте білім алып жатыр. Соңғы жылдары Өрнек көркейіп, жаңа кейіпке енді: барлық көшелерге асфальт төселді, жарық шамдары орнатылды, орталық су жүйесі тартылды. Сонымен қатар өрт сөндіру бөлімі, спорт орталығы мен мешіт бой көтерді.

Өрнектің мәдени өмірінде кітапхананың орны ерекше. Шағын әрі заманауи ғимаратта бай кітап қоры, оқу залы және ұлттық дәстүрлер клубы жұмыс істейді. Мұнда жастармен кездесулер ұйымдастырылып, көне қолөнер түрлері көрсетіледі, ауыл тарихы жайлы әңгімелер өрбиді. Осындай шаралар жастардың кітап оқуға, мәдениетке деген қызығушылығын арттырды. Қазір кітапханада жеті мыңнан астам кітап бар, олардың басым бөлігі – қазақ тіліндегі басылымдар.

Ауылдың дамуы жергілікті өзін-өзі басқару жүйесімен тығыз байланысты. Өрнек әкімі тікелей сайлау арқылы таңдалған. Тұрғындардың ұсынысымен көшелер жөнделіп, жарық тартылды, ауыл шаруашылығы жануарларын маусымдық дезинфекциядан өткізуге арналған арнайы орын жабдықталды. Барлық маңызды шешімдер ақсақалдар мен белсенді азаматтардың қатысуымен қабылданады.

Өрнек – ауданның ең тыныш әрі қауіпсіз елді мекендерінің бірі. Қылмыс фактілері сирек тіркеледі. Жастар түрлі үйірмелер мен спорт секцияларына қатысып, белсенді өмір салтын ұстанады. Ал ересектер шаруашылық пен қоғамдық жұмыстарда еңбек етеді.

2022 жылы ашылған спорт орталығы бүгінде ауыл тұрғындарының сүйікті орнына айналды. Мұнда футбол, волейбол, қазақ күресі, армрестлинг және бокс секциялары жұмыс істейді. Кешкісін мұнда балалар да, жастар да, тіпті қариялар да келіп, спортпен шұғылданады.

Әр үйдің өз шаруашылығы бар. Тұрғындар жоңышқа, арпа, жүгері егіп, мал азығын өздері дайындайды. Биылғы құрғақшылыққа қарамастан, ауылда қысқа жем-шөп жеткілікті. Сондай-ақ Өрнек ауылында өсірілетін қарбыздар бүкіл ауданға танымал.

1950 жылдары құрылған техникалық колледж де бүгінге дейін өз жұмысын жалғастырып келеді. Мұнда жүргізуші, механик, дәнекерлеуші мамандары даярланады. Түлектердің көбі облыстың түкпір-түкпірінде еңбек етсе, кейбірі туған ауылына оралып, туған жердің игілігіне үлес қосып жүр.

Бүгінгі Өрнек – таза көшелері, жарық үйлері, спорт және мәдениет нысандары бар көрікті, заманауи ауыл. Мұнда еңбек пен білімге, салт-дәстүр мен бірлікке деген құрмет ерекше. Ең бастысы – тұрғындар өз ауылының болашағына сенеді. Өрнек – адам еңбегі мен бірлігінің шынайы өрнегіне айналған.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар