жұма, 5 желтоқсан, 2025 19:44

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Тараз теміржол вокзалындағы күрделі жөндеу жұмыстары келесі жылға созылмақ

Тараз теміржол вокзалындағы күрделі жөндеу жұмыстары келесі жылға созылмақ
Фото - Jambylinfo.kz
Бұл туралы вокзал бастығы Дидар Мүсіретәлиев айтты

Тараз вокзалының ғимараты 2019 жылы күрделі жөндеу жұмысын көрген болатын. Тіпті, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өткен 2015 жылы да жөнделді. Сондықтан жолаушылар вокзалдың қайта күрделі жөндеуден өтіп жатқанына таңданып отыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Қыс айларында, әсіресе Күйік асуы жабылғанда жолаушылар Боранды станциясына жеткізіліп, одан Тараз вокзалына келетін. Тәулігіне 100-150 жолаушы жеткізілетін осы жерден оларды діттеген жеріне жеткізу үшін жолаушылар пойызына қосымша вагондар тіркеліп, жөнелтіледі. Бұл жыл сайын қыс мезгілінде орын алып жататын жағдай.

Біз осылай топшылағанымызбен, жағдай мүлдем басқаша екен. Неге десеңіз, Қазақстанда осындай 113 теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Жамбыл өңіріндегі үш ірі вокзал – бірінші санаттағы Тараз, Шу және үшінші санаттағы Луговой вокзалдары жөнделуде. Тіпті, Луговой вокзалының ғимараты сүріліп тасталған. Осы мәселенің мән-жайын білмекке, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық Компаниясы» акционерлік қоғамы «Жүк тасымалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің филиалы – Жамбыл жол бөлімше сіне қайырылғанымызда вокзал шаруашылығына жауапты Жамбыл магистральді желі бөлімшесі Тараз вокзалының бастығы Дидар Мүсіретәлиевке жөн сілтеді.

Сауалымызға жауап бермес бұрын вокзал бастығы бізге мына хатты көрсетті. Ал хат мәтінінде: «Жамбыл облысының әкімдігі Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың төрағалығымен өткен 2024 жылғы 13 маусымдағы Туризмді дамыту мәселелері жөніндегі кеңес хаттамасының 2.15.7-тармағын орындау бойынша келесі ақпаратты жолдайды.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 12 қаңтардағы №231- ДСП қаулысына сәйкес, Тараз қаласындағы теміржол вокзалын реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар вокзал аумағында абаттандыру шаралары қолға алынып, көгалдандыру, жарықтандыру жүйесін жаңғырту, жолаушыларға арналған демалыс орындықтары мен жаяу жүргіншілер жолдарын орнату көзделуде» делінген.

Тараз вокзалында күрделі жөндеу жұмыстарын мердігер – «СпецСтрой Эксперт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Құрылыс алаңында да болдық. Жалпы, теміржолшылар қозғалыс қауіпсіздігін еңсеруде жылына екі рет – көктемгі және күзгі комиссиялық байқау өткізіп тұрады. Ал жақында ғана аяқталған күзгі комиссиялық байқауда ешқандай ескертпелер болмады дейді вокзал бастығы. Дегенмен вокзал ғимараты стратегиялық нысан болып саналатынын ескерсек, мұнда терроризмнің алдын алу, жолаушылардың қауіпсіздігі бойынша сақтық шаралары өте жоғары болу керек.

«Вокзал аумағында және перронда бірнеше бейнебақылау камералары бар болатын. Оны өздеріңіз көріп тұрғандай құрылыс жұмыстары жүріп жатқандықтан алынып тасталды. Ол мәселе Жамбыл облысы полиция департаментімен келісілген. Ал күту залына келетін болсақ, вокзал ғимаратының бірінші қабатындағы бірнеше әкімшілік бөлмелерден күту залы жасалып, ыңғайластырылды. Мұнда мүгедектер және ана мен бала бөлмелері де бар. Бөлмелер жылы. Кассалар қызметі вокзал маңына контейнерлер орна ластырылып, сонда көшті. Біз жолаушылардың қолайлылығы үшін барынша мүмкіндіктерді пайдаланып, қызмет көрсетеміз. Тараз вокзалынан тәулігіне 26-28 жолаушылар пойызы өтетін болса, олардың кестелік режимі бұзылған жоқ. Вокзалдағы радиорубка тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Уақытша жүріп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарына жолаушылар түсіністікпен қарайды деп ойлаймын», – дейді вокзал бастығы.

– Күрделі жөндеу жұмыстары тамыз айында басталды. Бұл келесі жылға өтпелі жоба. Қазір жұмыстың ауқымдылығын көріп те отырсыздар. Ғимарат толықтай жаңарады, реконструкция жасалады. Техника да, жұмысшы күші де жеткілікті, – дейді мердігер компания басшысы Арман Жақашев.

- Билеттер кассасында «Қызылорда-Көкшетау» бағытындағы №56 пойызға билет алып тұрған Қайрат Сабыров деген азамат Таразда іссапармен жүр екен. «Бастысы, бұл жұмыстар уақытында аяқталса болды. Өзім Түркістаннан екі күн бұрын келдім. Енді Көкшетауға жол жүрмекпін. Жалпы, Тараз вокзалы өзіме ұнайды. Кең, барлық жағдайы жасалған, Қазақстандағы жақсы вокзалдардың бірі. Енді күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін облыс орталығындағы көрікті ғимараттардың біріне айналатынына сенімдімін», – дейді аралдық Қайрат Сабыров.

Бөлісу:
Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар