Таразда аналар кеңесі ұлттық тәрбие мәселесін талқылады
- авторМағжан Орынбасар
- 14 ақпан, 2025
- 229

Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында аймақтың ақ жаулықты аналарымен кездесу өтті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ұлттық салт-дәстүріміздің діңгегін қатайтып, тамырын тереңге жаю мақсатында Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында «Дәстүр және өнер» бөлімі ашылған.
Жиында көтерілген меселе жетерлік. Соның ішіндегі өзектісі, ертегілердің балаға аз айтылуы. Қазіргі таңда ауыз әдебиетіміздегі мазмұны терең есті ертегілер шет қалып, шетел ертегілері төрге озды.
- Балабақшадағы балалар Джоан Роулингтің «Гарий Поттерін» емес, қазақтың жыр дастандарын жаттап өсуі қажет,- дейді аналар.
Одан бөлек, қазақтың жақсы қасиеттерінің бірі - қыз тәрбиесі де дәстүр шеңберінен шығып бара жатыр. Кешегі келелі кездесуде ұлтымызға тән тәрбиенің сақтап қалу үшін бұрынғы аналар мен жеңгелер мектебін қайта жаңғыртуды қолға алу мәселесі айтылды.
Айта кететіні, соңғы кездері қариялардың арасында бата беруден жарыстар жиі ұйымдастырылып жүр. Бұл әрине құптарлық іс. Алайда жастар арасында дастархан қайырып бата беретін ер жігіттердің қарасы азайып бара жатқаны қынжылтады. Сол үшін батагөйлердің жарысын тек қариялар арасында емес, жеткіншектер арасында ұйымдастыру қажет екенін айтты.
- Атадан қалған ғұрпымызды сақтау үшін жасөпірімдермен ұлттық құндылығымыз жайында көбірек іс-шара өткізілуі қажет,- дейді педогогика ғылымдарының докторы Жанат Сарыбекова.
Мұндағы аналардың басым көпшілігі зейнеткер. Сондықтан жастармен кездесу ұйымдастыруға ыңғайлы ғимарат пен аналарды тасымалдайтын көліктің жоқтығы жұмысты бір жүйеге қоюға кедергісін келтіруде екен.
Асыл аналардың пікірін тыңдаған Шераға атындағы Руханият оталығының басшысы Жасұлан Әбдіхалық айтылған ұсыныстардың барлығын назарға алып, алдағы уақытта жастар тәрбиесінде бірлесе жұмыс жасауға шақырды. Аналардың ақылымен өнегелі сөздері қоғамға қажет екенін, сонымен қатар жоғарыда айтылғандай қандай да бір іс-шара ұйымдастыру қажет болса қолдайтынын және мекеменің есігі әрдайым ашық екені айтты.