Таразда халықаралық қолөнершілер фестивалі өтеді
- авторБақытжан Бекболат
- 9 сәуір, 2026
- 174
2026 жылғы 23–24 сәуір күндері Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде «Тараз – қолөнершілер қаласы» халықаралық қолөнершілер фестивалі өтеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Фестивальдің басты мақсаты – өңірдің туристік имиджін арттыру, отандық қолөнершілерді халықаралық деңгейде таныту, шетелдік және жергілікті шеберлер арасында достық байланыс орнату, тәжірибе алмасу, сондай-ақ ұмыт бола бастаған көне қолөнер түрлерін сақтау және қайта жаңғырту.
Ауқымды шараға Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен, сондай-ақ Алматы мен Түркістан өңірлерінен және жергілікті жерден 100-ден астам шебер қатысады.
Фестиваль аясында «Тараз – қолөнершілер қаласы. Дәстүр мен заманауи қолөнер» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция, қолөнер бұйымдарының көрмесі мен шеберлік сағаттары, сондай-ақ «Менің әлемім: қиял мен шынайылық» атты жас қолөнершілер мен суретшілердің көрмесі ұйымдастырылады.
Сонымен қатар, сән мен дәстүрді ұштастыратын «ASPARA FASHION WEEK» халықаралық сән апталығы, «Гиннес» рекордтар кітабына енген алып киіз жанындағы «Dombyra Party» іс-шарасы, ұлттық киімдер дефилесі және өнер жұлдыздарының гала-концерті көрермендерге ерекше әсер сыйлайды.
Фестиваль қонақтарына көрмедегі бұйымдарды сатып алу мүмкіндігімен қатар, Тараз қаласының тарихи-мәдени орындарына экскурсиялар да ұсынылады.
Бұл күндері Тараз қаласы ұлттық дәстүр мен шығармашылық шабыт тоғысқан ерекше мәдени орталыққа айналмақ.






