Таразда халықаралық қолөнершілер фестивалі өтеді
- авторМағжан Орынбасар
- 9 сәуір, 2026
- 76
2026 жылдың 23-24 сәуірінде Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде «Тараз – қолөнершілер қаласы» халықаралық қолөнершілер фестивалі ұйымдастырылады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ұлттық фестивальді өткізудегі негізгі мақсат – өңірдің туристік имиджін көтеру, отандық қолөнершілерді халықаралық деңгейде танымал ету, шетелдік және жергілікті қолөнершілер арасында достық қарым-қатынас пен ынтымақтастық орнату, тәжірибе алмасу, сондай-ақ, кенже қалып бара жатқан ежелгі қолөнер түрлерін сақтау және қайта жаңғырту.
Фестивальға шетелден (Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан), көрші өңірлерден (Алматы, Түркістан) келетін және жергілікті 100-ден астам шебер қатысады.
Фестиваль аясында көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлау мақсатында «Тараз – қолөнершілер қаласы. Дәстүр мен заманауи қолөнер» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция, қолөнер бұйымдарының көрмесі мен шеберлік сағаттары, «Менің әлемім: қиял мен шынайылық» атты жас қолөнершілер мен суретшілердің көрмесі өтеді.
Бұдан бөлек, сән мен дәстүрді тоғыстыратын «ASPARA FASHION WEEK» халықаралық сән апталығы, «Гиннес» рекордтар кітабына енген киіздің жанында «Dombyra Party» іс-шарасы, ұлттық нақыштағы киімдердің сән көрсетілімі және өнер жұлдыздарының гала-концерті ұйымдастырылады.
Фестивальге қатысушы қонақтарға көрме бұйымдарын сатып алуға және Тараз қаласындағы тарихи-мәдени орындарға экскурсия жасауына толық мүмкіндік қарастырылған.
Бұл күндері Тараз ұлттық дәстүр мен шалқыма шабыттың тоғысқан ортақ мекеніне айналмақ.






