Тараздағы түзеу мекемесіне зат лақтырмақ болған азамат ұсталды
- авторМағжан Орынбасар
- 9 қыркүйек, 2025
- 489
Жамбыл облысында ҚАЖ мекемесіне тыйым салынған затты лақтыру әрекеті дер кезінде тоқтатылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
2025 жылғы 9 қыркүйек күні сағат 16:20 шамасында Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №59 мекемесінің аумағына тыйым салынған затты лақтыру әрекеті дер кезінде әшкереленді.
Мекеме қызметкерлері бейнебақылау жүйесі арқылы Барбол көшесі жағындағы №4 учаске маңында күдікті азаматтың әрекетін байқап, жедел әрекет етті. Белгісіз тұлға мекеме аумағына белгісіз затты лақтыруға талпынған. Алайда, орама мекеме қоршауынан аса алмай, 4-бекетке қарама-қарсы орналасқан 25-плитаның маңына құлаған.
Қызметкерлердің шұғыл әрекеттерінің нәтижесінде азамат ұсталып, оның 1986 жылы туған, Шу қаласының тұрғыны екені анықталды. Бұрын аталған мекемеде жазасын өтеген бұл азамат 2025 жылғы 5 тамызда амнистия негізінде босатылған.
Оқиға дерегі ҚАЖ ақпараттық жүйесіне тіркеліп, тиісті органдарға хабарланды: облыстық прокуратура, ҰҚК департаменті және Тараз қаласы Полиция басқармасының №1 бөліміне қарасты жедел-тергеу тобы.
Тексеру барысында ораманың ішінен келесі заттар табылды:
• Бір дана қарапайым батырмалы NOKIA маркалы ұялы телефон;
• Бір дана сенсорлы SAMSUNG маркалы ұялы телефон.
Аталған факт бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде.






