Жамбыл ауданы әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа белесінде
- авторБақытжан Бекболат
- 23 қыркүйек, 2025
- 348
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерді дамыту жөніндегі Жолдауына сәйкес Жамбыл ауданы тұрақты өсім көрсетіп отыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 18,4 млрд теңгеге жетті. Егіс көлемі 132,5 мың гектарға ұлғайып, заманауи агротехнологиялар өнімділікті арттырды. Ірі қара – 68,3 мың, қой-ешкі – 214 мың, жылқы – 32 мың, құс – 450 мың басты құрады. 250-ден астам шаруа қожалығы мемлекеттік қолдау алды.
Ірі агрожобалар қатарында – «AzNur Agro» серіктестігінің 400 бас малға арналған сүт фермасы, «Береке» қожалығының 100 гектарлық жылыжайы бар. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 280 млн теңгеге 39 жоба қаржыландырылып, 48 жаңа жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ көкөніс қоймалары, мал сою пункттері, ветеринариялық бекеттер пайдалануға берілді.
Өнеркәсіпте алты айда 24 млрд теңгенің өнімі өндірілді. «Амангелді ГАЗ», «Knauf Gips Taraz», «Super-Pharm» сияқты кәсіпорындар экспортты арттырып, жұмыспен қамтуға үлес қосуда. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 19,8 млрд теңгеге жетіп, өткен жылға қарағанда 61%-ға артты. 2025 жылы жалпы құны 17,3 млрд теңгелік 10 жоба жүзеге асырылмақ, олардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы мен туризмге тиесілі.
Инфрақұрылым саласында KEGOC қосалқы станциясын кеңейту, газ және энергетикалық желілер тарту жұмыстары жүргізілуде. Құрылысқа 5,6 млрд теңге бағытталып, мектеп, мәдениет үйі, кітапхана мен архив ғимараттары салынуда.
Кешенді шаралар аудан экономикасын нығайтып, халықтың өмір сапасын жақсартуға ықпал етуде.






