Жамбыл облысында 2500 тоннадан астам жабайы қарасора жойылды
- авторБақытжан Бекболат
- 9 тамыз, 2025
- 490
«Есірткісіз болашақ» жобасын іске асыру аясында Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіров Меркі ауданына арнайы іссапармен барып, өңірде есірткі қылмыстарына қарсы атқарылып жатқан жұмыстардың барысын тексерді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Сапар кезінде облыстық полиция департаментінің «Дельта-долина» арнайы бөлімшесі мен басқа да уәкілетті мемлекеттік органдардың есептері тыңдалып, алдағы уақытта есірткіге қарсы күресті күшейту бағыттары айқындалды.
2023 жылы жабайы қарасора өсетін аумақтардың нақты координаттары анықталып, 1 195 гектар жерде 1 000 тоннадан астам өсімдік шабылып, химиялық әдіспен жойылған болатын. Ал биыл бұл жұмыс ауқымы кеңейіп, 4 514 гектар жерден 2 581 тонна қарасора жойылды. Бұл көрсеткіш өңірде және жалпы ел көлемінде есірткі айналымының алдын алуға айтарлықтай үлес қосты.
Облыс прокуратурасы есірткі қылмыстарының алдын алу тиімділігін арттырып, қылмыстық жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету мақсатында қосымша ұйымдастырушылық және құқықтық шараларды қолға алды. Атап айтқанда, прокуратура, Құқықтық статистика департаменті, полиция, сараптамалық мекемелер мен дағдарыс орталығы арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осы құжаттың арқасында тергеу процестері жеделдеп, 35 қылмыстық іс бойынша сараптама қорытындылары тез арада алынып, бір тәуліктің ішінде айыптау үкімдері шығарылды.
Бірлескен іс-шаралардың нәтижесінде есірткі өткізу фактілерін анықтау мен синтетикалық есірткі заттарын тәркілеу деңгейі төрт есеге артты. Сонымен қатар, «ақша ізін қуу» қағидаты негізінде жүргізілген жұмыс нәтижесінде 64 миллион теңгеден астам қаражатпен байланысты 5 320 есірткі айналымы бойынша есептер анықталып, бұғатталды.
Облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтіп, есірткі қылмыстарына қарсы бақылауды күшейтетін және профилактикалық шараларды енгізетін кешенді тапсырмалар берді.






