Жамбыл облысында дайын металл бұйымдары өндірісі 3,2 млрд теңгеге жетті
- авторСадуақас Айсұлу
- 19 тамыз, 2025
- 412
Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (3,1 млрд теңге) сәл ғана жоғары көрсеткіш. Дегенмен нақты көлем индексі 95,8 пайызды құрап, салада аздап төмендеу байқалды. Өңдеу өнеркәсібі құрылымында бұл бағыттың үлесі небәрі 0,8 пайызды иеленіп отыр.
Саладағы өндірістің негізін екі кәсіпорын құрайды. Олар – «ЖЗМК Имсталькон» ЖШС және «Металлоконструкция және резервуарлар зауыты» ЖШС. Аталған кәсіпорындар облыс аумағында металл конструкциялар мен түрлі дайын бұйымдар өндірісін қамтамасыз етіп келеді.
«ЖЗМК Имсталькон» ЖШС құрылыста пайдаланылатын металл конструкцияларын шығарады. Бұл өнімдер аймақтағы құрылыс саласының дамуына тікелей үлес қосып отыр. Ал «Металлоконструкция және резервуарлар зауыты» ЖШС негізінен әртүрлі сыйымдылықтар мен резервуарларды жасаумен айналысады.
Сарапшылардың пікірінше, саладағы өндіріс көлемінің артуы тапсырыстарға және нарықтағы сұранысқа тікелей байланысты. Өңірде индустриялық-инновациялық жобалардың көбеюі болашақта дайын металл бұйымдары өндірісінің де ұлғаюына мүмкіндік береді.




