Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті Финляндиямен стратегиялық меморандумға қол қойды
- авторjambylinfo.kz
- 29 қазан, 2025
- 297
Финляндия Республикасының Президенті Александр Стуббтың Қазақстан Республикасына ресми сапары барысында екі ел арасындағы ғылыми және технологиялық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.
Солардың бірі - Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі, Фин су форумы (Finnish Water Forum) және Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті арасындағы су ресурстарын цифрландыру және басқару бағытындағы зерттеушілік және білім беру әлеуетін қалыптастыру жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум.
Меморандум тараптардың білім беру, ғылыми-зерттеу және технологиялық әлеуетін нығайту, су ресурстарын басқарудағы заманауи цифрлық шешімдерді енгізу, сондай-ақ климаттық тұрақтылық пен экологиялық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған.
Фин су форумы (Finnish Water Forum, FWF) — 2009 жылы Финляндияның Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен құрылған қауымдастық. Форумның басты мақсаты – финдік су саласындағы инновациялар мен тәжірибені халықаралық деңгейде ілгерілету, жоғары оқу орындарының және ғылыми ұйымдардың шетелдік әріптестерімен өзара іс-қимылын дамыту. Ұйым құрамына мемлекеттік құрылымдар, ғылыми орталықтар, жеке сектор және үкіметтік емес ұйымдар кіреді.
Меморандум аясында тараптар төмендегі бағыттарда бірлескен қызметті жүзеге асыруға уағдаласты:
- гидрология, су тасқынын болжау, тәуекелдерді басқару және бөгеттердің қауіпсіздігі;
- ауыл шаруашылығындағы суару жүйелерін жаңғырту және су пайдалану тиімділігін арттыру;
- қалалық және ауылдық аумақтардағы ауызсумен қамту жүйелерін жетілдіру;
- су ресурстарын басқаруда цифрландыру, қашықтан зондтау, жасанды интеллект және деректерге негізделген шешім қабылдау технологияларын енгізу;
- су саясаты мен ұлттық реттеу тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ бірлескен оқу курстары, жазғы мектептер мен ғылыми жобаларды іске асыру.
Бұл ынтымақтастық Финляндияда жүзеге асырылып жатқан Digital Water in Finland (DiWa) халықаралық жобасы аясында іске аспақ. Аталған жобаны Финляндияның танымал гидрологы, профессор Бьорн Клёв (Björn Klöve) басқарады. Жобаның негізгі мақсаты – су ресурстарын басқару саласында цифрлық шешімдерді енгізу арқылы климаттық және экологиялық тәуекелдерді төмендету.
Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің ректоры, басқарма төрағасы Камшат Түсіпова меморандумның маңыздылығын атап өтіп, бұл келісімнің екі ел арасындағы ғылыми және технологиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді:
«Бұл ынтымақтастықтың негізінде Финляндияның Digital Water in Finland (DiWa) жобасы жатыр. Жобаны менің әріптесім, гидролог Бьорн Клёв басқарады. Қазақстан тарапынан бұл бастамаға колледждер, жоғары оқу орындар және салалық кәсіпорындар да қатысатын болады. Ендігі мақсат – жоспарланған бағыттарды сапалы әрі жүйелі түрде жүзеге асыру»,-деді ҚазҰСШИУ ректоры.
Меморандум бес жыл мерзімге жасалып, тараптардың өзара келісімі негізінде автоматты түрде ұзартылып отырады. Құжат су ресурстары саласындағы бірлескен зерттеулерді дамыту, студенттер мен ғалымдардың академиялық ұтқырлығын қамтамасыз ету, сондай-ақ халықаралық тренингтер мен жазғы мектептер ұйымдастыруға негіз болады.
Бұл келісім Қазақстан мен Финляндия арасындағы су ресурстарын басқару және цифрландыру саласындағы әріптестікті нығайтудың стратегиялық әрі маңызды қадамы болып табылады.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз





