"UFC белбеуін Қазақстанға әкелемін": Шавкат Рахмонов мәлімдеме жасады
- авторБақытжан Бекболат
- 1 ақпан, 2026
- 86
Қазақстандық UFC жауынгері Шавкат Рахмоновтың октагонға қайта оралуы белгісіз мерзімге шегерілді. Танымал спортшы бұл шешімнің негізгі себебін әлеуметтік желідегі парақшасында ашық айтты.
Рахмоновтың сөзінше, бұрын алған жарақаты асқынып, оған екінші рет хирургиялық ота жасатуға тура келген. Осыған байланысты дәрігерлер оған ұзақ уақыттық оңалту кезеңін ұсынған.
«Жауынгердің жолы ешқашан оңай болған емес. Өмір бізге жеңе алмайтын қиындықтарды бермейді. Әрбір арманның өз құны бар, кейде ол денсаулыққа байланысты болады. Бүгін шындығын айтсам, жарақатыма байланысты тағы бір операция жасауға тура келді. Толық қалпына келу үшін уақыт қажет. Сондықтан октагонға оралуым кейінге қалдырылды», – деп жазды ол.
Шавкат бұл жаңалықтың жанкүйерлері үшін де оңай тимегенін атап өтті. Соған қарамастан, ол алдағы мақсаттарынан бас тартпайтынын нақты жеткізді.
«Мұны қабылдау қиын. Алайда әрбір шегініс үлкен жоспардың бір бөлігі екеніне шын жүректен сенемін. Мен бұрынғыдан да күштірек, ақылдырақ әрі аш күйде ораламын. Мақсатым өзгерген жоқ – UFC белбеуін Қазақстанға әкелу. Қандай жағдай болмасын, мені қолдап жүрген жандарға алғыс айтамын», – деді Рахмонов.
Алдын ала ақпаратқа сәйкес, спортшының толық сауығып, жекпе-жекке дайын күйге келуіне шамамен 9 ай уақыт қажет. Осы кезеңде ол ем-дом мен қалпына келу жаттығуларына басымдық бермек.






