дүйсенбі, 8 желтоқсан, 2025 18:19

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбылға келетін туристер саны артуда

Жамбылға келетін туристер саны артуда
Фото - ашық дереккөз
Осыған орай өңіріміздің көрікті орындарының инфроқұрылымын жетілдіруге күш салынуда

Былтыр 199 107 турист Жамбыл жеріне ат басын бұрды. Олардың басым бөлігі Ресей, Қытай және Өзбекстаннан келген шетелдік қонақтар. Биылғы жылдың II тоқсанының қорытындысы бойынша өңірге 99 852 турист келіп, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,4 пайызға артқан. Соңғы екі жылда туристерге көрсетілген қызмет көлемі 1,8 миллиард теңгеден 3,6 миллиард теңгеге дейін өскен, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Осыған орай өңіріміздің көрікті орындарының инфроқұрылымын жетілдіруге күш салынуда. Жергілікті бюджет есебінен 1 миллиард 186 миллион теңге бөлініп, жалпы ұзындығы 34,8 шақырымды құрайтын үш туристік нысанға алып баратын автожол салынды. Құрылыс жұмыстары толық аяқталып, нәтижесінде «Koksai resort» (19,5 шқ), «Таскөл» (2,8 шқ) және «Алмалы» (12,5 шқ) демалыс орындарына жайлы әрі қауіпсіз жету мәселесі шешімін тапты. Бұл өз кезегінде туристер ағынының артуына жол ашып отыр.

- Жамбыл облысы – тарихимәдени мұраға бай өңір. Мұнда 3 510 тарихи ескерткіш бар. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан және ЮНЕСКОның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген Баласағұн, Құлан, Өрнек, Костөбе қалашықтары мен «Ақыртас» кешені аймақтың туристік әлеуетін арттырып отыр. Бұған қоса, облыс аумағында 200-ден астам ежелгі қалашықтар бар, ал тау бөктерінде 30-дан астам шатқал орналасқан. Қазіргі таңда өңірде 224 туристік орналастыру орындары, 395 тамақтану пункті, 7 шипажай, 90 демалыс аймағы, 11 балалар сауықтыру лагері жұмыс істейді. Сонымен қатар 19 туристік компания және 25 көлік қызметін ұсынушы субъектілер туристерге өз қызметтерін ұсынуда. Облыстың негізгі туристік нысандарының саны – 45, олар бойынша 10 бағыттан тұратын туристік маршруттар әзірленген, - делінген облыс әкімдігінің хабарламасында.

Соңғы жылдары кәсіпкерлердің туризм саласындағы инвестициялық белсенділігі артып келеді. Бүгінде жалпы құны 27,3 миллиард теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар 430 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Өткен жылы үш ірі туристік нысан – Жамбыл ауданындағы «Алмалы» демалыс орталығы, Жуалы ауданындағы «Koksai resort» демалыс аймағы және Тараз қаласындағы «Зербұлақ» аквапаркі іске қосылды.

Биыл жалпы құны 6 миллиард теңге болатын 10 туристік нысанды (10 жұмыс орны) пайдалануға беру жоспарланған. Бұл жобалар облысымызға 170 мың туристің келуіне ықпал етеді. Бүгінгі күнге дейін 9 жоба іске қосылды. Атап айтқанда, Тараз қаласында тарихи кешен, этно-мейрамхана және аквапарк, Байзақ, Жамбыл аудандарында 3 жол бойындағы сервис кешені, Шу ауданында жаңа демалыс аймағы, Талас ауданында мұз айдыны, ал Т. Рысқұлов ауданында этноауыл кешені өз жұмысын бастады. Жыл соңына дейін Шу ауданында жол бойындағы сервис кешені ашылады деп күтілуде.

- 2025 жылы ауданымызға 60 мыңға жуық туристер келсе, соның ішінде 2000 жуық шетелдік туристер келген. Сонымен қатар 2026 жылға қысқы спорт түрлерінен, соның ішінде 2 республикалық, 3 облыстық, 8 аудандық, іс-шара ұйымдастыру жоспарлануда. Сондай-ақ ағымдағы жылы ауданымызда аумағы 86 га құрайтын табиғи паркі құрылған. Бұл аудандағы туризм саласын одан әрі дамытуға жол ашары анық, - деді Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов.       

Бөлісу:
Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар