дүйсенбі, 8 желтоқсан, 2025 17:28

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбыл облысы инвестиция тарту бойынша республикада үздік үштікте

Жамбыл облысы инвестиция тарту бойынша республикада үздік үштікте
Фото - ашық дереккөз
Бұл туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева мәлім етті

Әулиеата өңірі 9 айдың қорытындысымен өнеркәсіп саласындағы өнім көлеміне байланысты республика бойынша алғашқы орындардың біріне жайғасты. Нақтылай түссек, есепті кезеңде облыс аумағындағы өнеркәсіптерде 967,8 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 18,3 пайызды құраған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

 Аталған көрсеткішке тау-кен өндіру саласында өндіріс көлемінің 41,7, өңдеу өнеркәсібінде – 13,3, электрмен жабдықтауда – 10,1 және сумен жабдықтауда – 5,4 пайызға артуы есебінен қол жеткізілген. Жалпы, өнеркәсіп саласындағы үлесі – 63 пайызды құрайтын өңдеу өнеркәсібінде 609 миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 13,3 пайызға тең. Әйтсе де, металлургия мен жеңіл өнеркәсіп салаларында өндіріс көлемдерінің бәсеңдеуі анықталған.

Бұл туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева мәлім етті. Оның сөзінше, аудандар бөлінісінде өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда Сарысу мен Мойынқұм аудандарында төмендеген.

– Бүгінгі таңда Сарысу ауданындағы «Асыл-тұз» серіктестігінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал «Интеррин» кәсіпорнында бұрғылау жұмыстары тоқтатылған. Сондай-ақ Мойынқұм ауданында «Мыңарал Тас Компани» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде портландцемент өндірісі, «Алтыналмас» акционерлік қоғамында алтын өндірісі қысқарған. Айта кетейік, облыста ауыл шаруашылығы саласында жалпы 363 миллиард теңгеге өнім өндірілген. Бұл – республикада өңірлер арасында 9 орын. Бұдан бөлек өсімдік шаруашылығында өнім көлемі – 214 миллиард теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы дақылдары 639,7 мың гектарға орналастырылып, егістік алқабы 2,1 пайызға артты. Сол секілді мал шаруашылығының өнімі 148 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,1 пайызға өсті, – деді Сандуғаш Ермаханқызы.

Сондай-ақ спикер игілігі мол инвестиция тарту жұмыстарының да жай-күйін баяндады. Атап өтейік, 9 айда негізгі капиталға 491 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 39,1 пайызға артқанын аңғартады. Оның ішінде жеке инвестиция көлемі – 398,8 миллиард теңге. Осылайша, Жамбыл жері инвесторлармен әріптестік тығыз байланыс орнату ісінде екінші орынға тұрақтады. Алайда биылғы жылға белгіленген жоспардың орындалуы – Тараз қаласы мен Қордай, Байзақ, Мойынқұм және Т.Рысқұлов пен Жуалы аудандарында көңіл көншітпейді.

– Осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысымен экономиканың негізгі салаларында оң динамика қалыптасып отыр. Десе де, өңірлер бөлінісінде өңдеу өнеркәсібі өнімі өндірісінің көлемі – Сарысу мен Мойынқұм аудандарында төмендеген. Қордай ауданында инвестиция көлемі – 25,9, жеке инвестиция – 33,7 пайызға бәсеңдеген. Мойынқұм мен Шу өңірінде де құрылыс көлемі, Жамбыл ауданында тұрғын үй көлемі төмен деңгейде қалыптасты. Жалпы, жыл қорытындысымен экономиканың барлық салаларында орын алған өсім қарқыны сақталады деп күтілуде, – дейді облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы.

 

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар